ҚАЗАҚТЫҢ ПЕЙІЛІНДЕ МЕЙІРІМ БАР

488

Екi дүние есiгi аталған қастерлi Түркiстан қаласы Қожа Ахмет Ясауи кесенесiмен күллi әлемге танымал. Сонау батысы мен шығысын, оңтүстiгi мен солтүстiгiн байланыстырып жатқан тоғыз жолдың торабындағы Түркiстан қаласы облыс орталығы атына сай көркейіп, күннен күнге өркенін кеңге салып, өсіп-өркендеуде. Жақында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми Саммитінде Түркістан Декларациясы қабылданып, Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланды. Шынында, жақсы жаңалық мәртебемiзді көкке өрлетуде. Қаламызда тұратын түркiтiлдес халықтардың өкiлдерi қуанышты хабарды естiп, өздерiнiң ой-пiкiрлерiн бiлдiруге асығуда. Солардың бiрi, татар қызы Флера Шарафитдинқызы Араповадан сыр-сұхбат алудың сәтi түстi.
Алдымен, өмір тарихы туралы сауалымызды қойып, жауабын тыңдауға асықтық.
-Мен 1942 жылы 20 тамызда Ресейге қарасты Башқұртстан АССР-нiң Бөздек ауданында дүниеге келдiм. Зұлмат соғысты, одан ашаршылықтан қырылып жатқан адамдарды көрiп өстiк қой. Соғыс бiткеннен кейiн де елдегi жағдай өте қиын болатын. 16-17 жастағы жастарды Қазақстанға жұмысқа алып жатқанда, алдымен туған ағам Фаниль, одан кейiн әпкем, 16 жасқа толысымен мен де аттандым. Үшеумiз де Түркiстан қаласының темiр жол саласында жұмыс iстедiк. Жергiлiктi қазақ халқының мейiрiмге толы дарқан пейiлiне ризамыз. Бiздi жатсынбады. Қазақ халқымен тығыз байланыста араласқандықтан болар, қазақ тiлiн үйренiп, меңгерiп алдық,-дейдi Флера Шарафитдинқызы.
Иә, осылай қазақ жерiнiң тұз дәмiн татқан Флера Шарафитдинқызы қазақ жiгiтi Құдайберген Араповпен танысып, тұрмысқа шығып, қазақтың ибалы келiнi атанады. Иә, Флера апамыз сол жылдарды сағынышпен еске алды:
-1966 жылы қазақ отбасының шаңырағын аттадым. Құдайберген екi ағайынды, Құрбанбай есiмдi туған ағасы болды. Мен келгенде енем Қалбике Айтуарова сексен жастан асып қалған болатын. Қазақы салт-дәстүрмен қайнағамның, енемнiң аттарын атауға болмайды ғой, есiмдерiн газетке жазу үшiн айтып отырмын. Өйткенi, мен жарымның да атын атаған емеспiн. Енем өте жақсы кiсi болатын. Менi туған қызындай көрiп, бар бiлгенiн үйреттi. Болат (1967 ж.), Жанат (1970 ж.), Әнуар (1973 ж.), Елдос (1981 ж.) есiмдi ұл-қыздарды дүниеге әкелдiм. Енем менi шымырлыққа үйреттi. Жұмыс пен үй тiрлiгiн қатар алып жүрдiм. Балаларыма енем қарап, үйде өте тату-тәттi өмiр кештiк. Туған қайнағам мен абысыныммен де өте тату тұрдық. Енем: “Абысын тату болса, ас көп” деген мақалды жиі айтып, бiр-бiрiңе көмектесiп отырыңдар,-деп отыратын. Сол ағайын арасындағы татулықты сақтап келемiз. Енемнiң өсиетiн бүгiнде өзiмнiң туған келiндерiм — Ырыскүл, Раушан, Жансаяға айтып отырамын. Ұлдарым мен келiндерiмдi, қызым Жанат пен күйеу балам Бақытжанды өте жақсы көремiн, олардың көрсетiп отырған қамқорлықтары мен ақ ниеттерiне аналық алғысым шексiз. Енемнiң көзi тiрiсiнде ет комбинатына жұмысқа кiрген едiм, сол жерден зейнеткерлiкке шықтым.
Құдай қосқан қосағым Құдайбергеннiң дүниеден өткенiне 28 жылдан асты,-деген Флера апа басынан өткерген мына бiр оқиғаны айтып бердi.
-Тұрмысқа шыққан алғашқы жылдар болатын. Бiр күнi Құдайберген “Ресейге көшемiз” деген әңгiменi шығарды. Қой, көшпеймiз, ел-жұрттан ұят болады, — десем қоймайды. Содан туған қайнағам мен абысыныма барып айттым. Ол кiсiлер қарсы шығып, көшпей қалдық. Жақсы болды. Сондағы менiң қуанғаным-ай, көшпейтiн болдық, — деп. Мен қазақ елiне келiн болғаныма ешқашан өкiнген емеспiн. Құдайға шүкiр бүгiнде үш ұлым мен бiр қызымнан 12 немере, 2 шөбере сүйiп отырған бақытты әжемiн, — дейдi қазақы салт-дәстүрдi терең меңгерген Флера апа. Иә, шынында сөйлесiп отырып байқағанымыз, мақал-мәтелдердi тiл арқауы етiп, қазақ тiлiнiң майын тамызып әңгiме өрбiтедi екен.
Сонымен қатар, Флера Арапова қасиеттi қаланың “Түркi әлемiнiң рухани астанасы” болды деген хабарға өзiнiң қатты қуанғанын жеткiздi. Сонау қиын қыстау кезеңде қазақ елiнiң тұз-дәмi бұйырып, қазақтың келiнi болған Флера Шарафитдинқызы бүгiнгi өмiрiне дән риза, қазақ халқына айтар алғысы зор.

Ләззат САРЫБАЕВА
Түркістан облысы