ҚАРИЯСЫ БАР ЕЛ – ҚАЗЫНАСЫ БАР ЕЛ

176

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 1 қазан — халықаралық Қарттар күніне орай ардагерлерді мерекелерімен құттықтады. «Қарттарым — асыл қазынам» атты мерекелік іс-шарада қала басшысы ыстық ықыласын жеткізді.

— Сіздерді халықаралық қарттар күні мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қарты бар үйдің шырағы сөнбейді. Бүгінгі құрмет-қошеметтің барлығы сіздерге арналады. Өздеріңізге айтар алғысымыз бен құрметіміз шексіз. Қазыналы қарияларымыздың қамсыз қарттығын қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Ең бастысы саналы ұрпақ пен жақындарыңыздың қамқорлығына бөленіп, ортамызда аман жүріңіздер! — деді қала әкімі.
Бүгінде қалада 88 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның ішінде 3 Ұлы Отан соғысы ардагері мен 2 мыңнан астам тыл еңбеккері бар. Ақсақалдарға барынша қолдау көрсетіліп, өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп отыр.
Мерекелік іс-шарада елдің дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты және Құрметті ардагер төс белгілерімен марапатталды.
Сонымен қатар қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қарттар күніне орай тыл ардагерлерінің шаңырақтарына барып, мерекелерімен құттықтады. Қазыналы қарияларға құрмет көрсеткен қала басшысы ақсақалдардың өсиетін тыңдап, ізгі тілегін жеткізді.
– Мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін еселі еңбек етуді сіздерден үлгі-өнеге еттік. Халқының тілеуін тілеп, ақ батасын берген өздеріңіздей қадірлі қарияларымыздың жол көрсетуімен өсіп-өніп келеміз. Ұрпақтар сабақтастығымен алған тәлім-тәрбиемізді өзімізден кейінгі буынға жеткізсек, үміттеріңізді ақтағанымыз болар. Әрдайым ортамызда аман жүріңіздер! – деді қала әкімі.
Қала басшысы құрмет көрсеткен Ағабек Сүгірәлиев қарияның Шымкент қаласының дамуына қосқан үлесі орасан. Ал Жолдыбай Еңдібаев ақсақал – елімізге еңбегі сіңген құрылысшы.
Арнайы құттықтау барысында қарияларға естелік сыйлықтар тарту етілді. Осынау құрмет-қошеметке ризашылықтарын білдірген ақсақалдар ақ батасын берді.

«Шымкент келбеті»