Несібелі Иманқұлова: “ӨЛЕҢ ОҚУ ШЕБЕРІ — РАЪНО ..”

680

Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы мен Түркістан облыстық “Қоғамдық келісім” мекемесі патриоттар арасында елді, жерді сүюді дәріптеу мақсатында жариялаған «Шаңырақ» байқауы бізді елін сыйлайтын, тілін құрметтейтін, туған жерін сүйетін қаншама ғажап жандармен қауыштырды. Олардың бойындағы патриоттық сезім ұшқыны жүректі жылытып, «тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір» екенін анық сезіндірді. Сол ыстық сезім арқылы тілеулес жандарды жақындастырды.
Мына бейнеге қараңызшы, қазақтың қара домбырасының әуенімен Хәкім Абайдың өлеңін аса тебіреніспен, нақышына келтіріп орындау стилі кім-кімнің де жүрегін баурамай қоймайды. Қарап отырып, жүректен жүрекке жеткен өлеңнің құдіретіне бас иесің, орындаушыға тәнті боласың. Логикалық екпін, интонация, дауыс ырғағын сақтап оқудағы шеберлігі ерекше назар аудартады.
Ендеше сол орындаушыны аса мақтанышпен таныстырғым келіп отырғаны, Мутанова Раъно Юлдаш қызы өзім оқыған Некрасов атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі. Өзбек ұлтының қызы Раъно 16 жылдық іс-тәжірибесінде талай жетістіктерге жетіп, білім ордасының жақсы жағынан танылуына үлес қосқан ардақты мұғалімдердің бірі. Атап айтсақ, мұғалімдердің пәндік олимпиадасына, жыл сайын болатын педоқуларға қатысып, өзінің ізденімпаздығын дәлелдеген еңбекқор жан. Сондай-ақ оқушылардың пәндік олимпиадасына үздік шәкірттер дайындап, олардың дайындығын республикалық деңгейге жеткізді. Үздік педагогтың облыстық білім басқармасынан, қалалық әкімшіліктен, ҚББ-інің адами капиталды даму орталығынан алған көптеген марапаттары оның еңбекқорлығының айқын дәлелі. Қызметінде ұлағатты ұстаз, абыройлы маман, отбасында 3 баланың анасы Мутанова Раъно болашақ ұрпаққа сапалы білім беруде күш-жігерін аямайтынына сенім білдіре отырып, еңбегіңізге адалдығыңызға, мемлекеттік тілге көрсеткен құрметіңізге алғыс айтып, биік белестерге абыроймен жете беріңіз дегім келеді.