«ТЫҢАЙТҚЫШТАРДЫ СУБСИДИЯЛАУҒА ӨТІНІШТЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КӨШ БАСТАП ТҰР»

134

Министр Қарашөкеев:

«ТЫҢАЙТҚЫШТАРДЫ СУБСИДИЯЛАУҒА ӨТІНІШТЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КӨШ БАСТАП ТҰР»

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқан СБМАЖ (ЕГИСС) жұмысына қатысты түсініктеме берді. Министрдің айтуынша, ЕГИСС жүйесінде шешуді қажет ететін техникалық мәселелер бар болғанмен, Gosagro.kz жүйесі жұмыс істеп тұр. Кедергілер көбінесе өтініш берушінің деректерін растауға қатысты жаңа тәсілмен байланысты болып отыр. Ведомство басшысы портал жұмысының нәтижесінде қазақстандық фермерлердің бұрынғыдай көзбояушылықпен айналыса алмайтынын жеткізді.

Біріншіден, енді фермерлер бұрынғыдай егіс алқабының көлемін «көзмөлшермен өлшеп», шекарасын қолмен сыза алмайды. Ал деректердің дұрыстығын ғарыштық мониторинг (КГС) егістік карталарын растайтын болады. Шаруалар жерлерін дереу ретке келтірулері керек. Жерді игермегендерге осы бастан кірісуіне кеңес беремін. Және маңыздысы, бұрынғы «Qoldau» жүйесімен жасалған жұмыстарға жүргізілген талдау сәйкессіздіктерді анықтап отыр. Мысалы, бірқатар фермерлік шаруашылықтардың пайдаланып отырған жері қолмен сызып, «көзмөлшермен» өлшей салған көлемнен әлдеқайда аз болып шыққан. Бұл жерде норматив пен субсидия сомасы артық көрсетілгенін байқау қиын емес. Мәселен, фермердің шын мәнінде 500 гектар жері болғанмен, ескі жүйе арқылы қолмен 1000 гектар деп көрсетіп, яғни, субсидияны өзіне тиесілі мөлшерден артық алып алуы мүмкін. «Qoldau» жүйесінде кездесетін тағы бір өрескел заң бұзушылық – фермер қолмен енгізген егістік карталарындағы жерлер іс жүзінде тіпті игерілмеген. Яғни субсидияны пайдаланып алған тұқым, тыңайтқыш, пестицидтар көрсетілген егіс алқабына қолданылмаған. Мұның бәрі әрине агроөнеркәсіп кешеніндегі барлық көрсеткіштерден көрініс табады. Бөлінген қаржы көп, бірақ құмға сіңген су сияқты, – деп жазды Ербол Қарашөкеев Facebook-тегі парақшасына.

Осыған байланысты министр процесті ретке келтіру қажеттігін және министрлік қай жерде, кімге, қандай мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатқанын анық біліп отыруы керектігін атап өтті.

«Екіншіден, Қаржы министрлігімен бірлесіп, электронды шот-фактураларды бұғаттау үшін енгізген жүйе біраз былықтың бетін ашты. Енді электрондық шот-фактурамен өтініш беру үшін оны сатушымен бұғаттау керек. Осылайша, субсидия алғаннан кейін кері қайтарып алу қаупі толығымен алынып тасталады. Егер бұрын шаруа бір ғана шот-фактурамен мемлекеттік қолдауға бірнеше рет өтініш бере алған болса, енді Gosagro жүйесінде ондай қулық жүрмейді. Qoldau жүйесінен осындай да фактілер анықталған.

Үшіншіден, тыңайтқыш алуға субсидия беру мәселесі талқыланып жатыр. Барлық облыстың фермерлері өтініш бере алмай отырғаны айтылуда. Бірақ мұнда бәрі ережелерге сәйкес және ол бәрімізге белгілі. Тыңайтқыштарды субсидиялаудың, пестицидтерге, биоагенттерге (энтомофагтарға) субсидия беру тізбесі мен нормалары жергілікті атқарушы органның, яғни жергілікті атқарушы органдардың қаулысымен бекітіледі. Өкінішке қарай, бүгінде бұл нормаларды тек 7 облыс қана бекітті. Атап айтқанда, Түркістан, Жамбыл, Ақмола, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе және Жетісу облыстары бойынша ғана өтінім түсіп жатыр», – деді министр.

«Төртіншіден, жаңа жүйеде толыққанды дұрыс жұмыс істеуге шаруалардың да, Ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлерінің де біліктілігі жетпей тұрған сияқты. Бірнеше күн бұрын ғана министрлікте Түркістан облысының фермерлерімен кезекті кездесу өтті. Оған Мәжіліс депутаттары Тимур Қырықбаев пен Мұрат Қадырбек те қатысты. Фермерлер «жүйе жұмыс істемейді» деп бой бермеді. Анық-қанығын білу үшін тексерген кезде әлгі жүйе жұмыс істемейді деп байбалам салғандар тіпті порталға тіркелмеген болып шықты. Дәл осы кездесуде дәлел ретінде Түркістан облысы бойынша түскен және мақұлданған өтінімдерді көрсетілді. Мүндай кейстер жеткілікті, сондықтан біз фермерлерді жүйеде жұмыс істеуге үйрету міндетін негізгі және маңызды деп есептейміз», – деп жазды ведомство басшысы.

Сондай-ақ ол бұл мақсатта негізгі салалар бойынша 6 телеграмм-чат құрылғанын, көпарналы колл-орталық жұмыс істеп тұрғанын және Youtube арнасында Gosagro.kz порталымен жұмыс істеуді үйрететін бейнеролик те бар екендігін жеткізді.

Сөз соңында айтарым, бұл салада біржола тәртіп орнату қажет! Егер фермердің жерге қатысты мәселелері толық реттелген болса, барлық құжаттары сәйкес келіп тұрса, біріктірілген мәліметтер базасы расталса өтініш беру жағынан ешқандай қиындық болмайды. Бүгінде жаңа жүйе 12 мыңнан астам өтінімді сәтті өңдеп, оларды облыстардың ауыл шаруашылығы басқармасына қарау үшін өтінімдердің ашық тізіліміне енгізді. Иә, жүйе бұрынғыдай «бармақ басты, көз қысты» немесе әркім өзі қалағандай жұмыс істемейді, бұл қазір фермерлер мен АШБ мамандары үшін қиындықтар туғызып отыр. Құрметті достар, тағы да түсіндіргім келеді, субсидиялау жүйесінің ашықтығын арттырудың барлық жаңа тәсілдері Министр Қарашөкеевтің қателігі емес, АШМ-нің транспаренттілікті арттыру және адами факторды жою жөніндегі қағидаттық ұстанымы, – деп жазды Ербол Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша, барлық бағыттар бойынша берілген 12 095 өтінімнің ішінен АШБ-ның қарау қорытындысы бойынша күту парағына «төлем жасау үшін» мәртебесіне жалпы сомасы 6 млрд 151 млн теңгенің өтінімі жолданған.

«Сауран ақпарат».