ОБЛЫС ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫН ТЕЗДЕТУДІ ТАПСЫРДЫ

133

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы құрылысы бойынша өзекті мәселелері бар нысандарды аралады. Алдымен Сауран ауданындағы Қосмезгіл елді мекеніндегі 300 орындық мектептің жай-күйімен танысты.

Аталған білім ұясы 2022 жылы тапсырылған. Конкурстық құны – 1 млрд. 180 млн. теңге. Бірақ бұл мектеп әлі оқушыларды қабылдай алмай отыр. Себебі, абаттандыру және сумен қамту жұмыстары аяқталмаған.

Осы мәселеге тоқталған облыс әкімі құрылыс басқармасының басшысы мен аудан әкіміне кемшілікті мамыр айының соңына дейін жоюды тапсырды.

-Мектептің құрылысына аз қаржы жұмсалмаған. Әдемі мектеп салуға толық жетеді. Бірақ мердігердің жұмысы қадағаланбаған. Абаттандыру жұмысын атқару керек. Сумен қамту жүйесін, ойын алаңшаларын, стадионын ретке келтіріңіздер. Жаттығу құрал-жабдықтары мен спорт алаңы балалар үшін қауіпсіз болуы қажет. Құрылыс басқармасы, аудан әкімдігі, білім басқармасы осы мәселелерді бірлесе атқарып, мектептің жұмысын бастаңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы одан кейін Сауран аудандық емханасын аралап, жұмысымен танысты. Денсаулық сақтау саласының өкілдерімен кездесіп, осы саладағы мәселелерді талқылады. Алдағы жоспарлар сараланды.

Талқылау нәтижесінде ауданға 500 адамды қабылдайтын заманауи емхана қажет екені анықталды. Облыс әкімі бұл мәселені шешуге қолдау көрсетілетінін жеткізді. Денсаулық сақтау басқармасы мен аудан әкімдігіне осы жоба бойынша ұсыныс беру тапсырылды.

Сауран ауданының орталығы Шорнақ елді мекеніндегі әкімшілік іскерлік орталығында 5 ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда инженерлік коммуникациялық желілері жүріп жатқан құрылыс алаңдарын аралаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмысты тездетуді тапсырды.

Әкімшілік іскерлік орталығындағы аудан әкімі аппараты ғимараты, аумақтық қазыналық мекемесі, прокуратура, сот, аудандық мемлекеттік мекемелердің ғимараттары және мәдениет үйі бой көтерді. Жаңа ғимараттарға республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Жергілікті бюджет есебінен 3 мектептің құрылысы басталды.

Шорнақ елді мекенін ауыз су, кәріз жүйесі және электр желілерімен жабдықтауға арналған инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 7 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Бабайқорған елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасы салынуда.

Сонымен қатар Бабайқорған елді мекенінде «Клуб және кітапхана» ғимараты салынады.

Бұдан бөлек Сауран ауданын абаттандыруға, желілік саябақ пен балалар алаңы, футбол алаңшасын салуға қаржы қаралды. Автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Осы күні облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауданның даму барысы туралы кезекті көшпелі мәжілісін өткізді. Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев білім, мәдениет, спорт, жастар саясаты салаларындағы мәселелерді қозғаса, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуындағы кедергілерге тоқталды. Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды қатаң сынға алды. Аудан әкіміне тапсырмалар берілді.

-Ауданға инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өнеркәсіп өнімі көлемін арттыру бойынша жоспарлар орындалмаған. Жалпы, жүзеге асып жатқан жұмыстардың сапасы өз деңгейінде емес екендігі аңғарылып тұр. Бюджет түсімін молайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауданның даму жоспарын жасау бағытында жұмыстар атқарылуы керек. Кемшіліктерді жою үшін 1 ай мерзім беремін. Нәтижесі бойынша ақпарат енгізіңіз. Жұмысыңызды көрсетіңіз. Бәрін ретке келтіру керек. Биылғы су тасқынына аудан дайын болмай шықты. Енді ол жағдай қайталанбауы үшін төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын күшейтіңіздер.

«Ауыл аманаты» жобасы арқылы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларды көптеп тарту қажет. Сауран ауданының туристік мүмкіндігі де үлкен. Бұл бағытта ұсыныс беріңіздер. Тек бюджетті игерумен отырсақ, іс алға баспайды. Іскерлікті көрсететін кез келді. Идеялар, ізденістер қажет, – деген Дархан Сатыбалды білім, мәдениет, «Artsport» бағдарламасын жүзеге асыру, спорт, денсаулық сақтау, абаттандыру, тазалық сақтау, жастарға қолдау көрсету жұмыстарын да назарда ұстауды тапсырды.

-Біз жас ұрпақтың дамуына көңіл бөлмесек, қоғам дамымайды. Жаңа слайдтан мектептердегі жағдайды көрдіңіздер. Жарайды, жөндеу жұмыстары енді басталады делік. Бірақ іші-сыртын қоқыстан тазартып қоюға болады ғой. Мәдениет үйінде де сол жағдай. Қоршаған ортасы осындай болса, жастарымыз қалай дамиды? Білім ұяларындағы кемшіліктерді жоюды тапсырамын. Бізге әділдік, тазалық пен тәртіп керек. Тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, басқармалар мен аудан әкімдігі жұмысты ширатсын, – деді өңір басшысы.

Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың айтуынша, бюджет кірісі 1 млрд. 636,1 млн. теңгені құраған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 101,0 млрд. теңгеге жеткен. Құрылыс жұмыстары 4 млрд. 270,0 млн. теңгені құраса, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 30 мың 124 шаршы метрді құрап отыр. Облыс әкімінің тапсырмасына байланысты ауданды дамыту жұмыстары жалғасады.