Шымкент қаласы Әкімінің назарына! БҰЛ АБАЙ, ҚАЙ АБАЙ?

786

О бастан ұлтының ұстыны, елінің ертеңі үшін етігімен қан кешіп, арғымағына ауыздығымен су ішкізген ерлерімізге, халқының мұңын мұңдап, жырын жырлап өткен ақын- жырауларымызға еңсесі биік, көз қуантар ескерткіштер тұрғызып келеміз.Құдайға шүкір бұл жағынан кейін қалып жатқан жоқпыз.Өткеніңді білмей, жаңаны тану жоқ,- демекші өскелең ұрпақ биі мен шешенін, батыры мен бағланын, ақыны мен ақылманын біліп өссе өзге жұрттың алдында жүзі төмен болмасы хақ.Сонымен…
Енді қаламыздағы қалқайып тұрған үлкенді- кішілі тас мүсіндерге үңіліп көрейікші не байқар екенбіз эстетикалық һәм рухани тағлым ала аламыз ба? Құр тасты домбаздап үйе бергеннен көз қуантар ескерткіш шыға бермейтінін аздап болса да сеземіз.Көк тасқа шеберлікпен әр беру, тіпті жан жылуымен қоса нәр беру ұлы балерина Мая Плисецкая айтпақшы тек тума таланттардың ғана қолынан келсе керек.( ,,Өнер- тума талантта»)
Бір кездері ,,Жас алаш» газетінде қаламы ұшқыр, талантты қаламгер Әмірхан Меңдеке бауырымыздың ,,Ұлы ақынның Мұң мен Нұрдан жаратылғандай ескерткішін қашан орнатар екенбіз,, деген проблемалық мақаласы жарық көрген еді.Әбекеңнің айтуынша елімізде ұлы Абайға 2000- ға жуық ескерткіш тұрғызыппыз.Өкініштісі сол ескерткіштің тілін түсінетін мамандардың айтуына қарағанда солардың 98 пайызы көрер көзге ұят, ешбір адами талғамға жауап бермейтін көрінеді.Ал, керек болса, жетіскен екенбіз!? Мына өзбектердің Науаиге, әзірбайжандардың Низамиге, украиндардың Шевченкоға, орыстардың Пушкинге орнатқан ескерткіштерін көрсеңіз ішпей- жемей көңіл тояды.Бұрын қандай болғандарын бір Құдайым білсін әйтеуір шетінен сұңғақ бойлы, нұрлы жанарлы, еңсегей бойлы, терең ойлы болып келіп көрсеңіз көз сүйсіндіреді.Ал, енді ол ағайындарды қоя тұрып өзімізге келейікші не көрер екенбіз!?
Әр кеудеде бір қиял,- демекші басқада жұмысым жоқ қаламыздағы Абай саябағына кіре берістегі барымыз да нарымыз Ұлы ақынымыздың ескерткішін көрсем көңілім құлазиды, неге!?
Қаңылтырдан құрастыра салғандай, осы бір обадай үйілген темірдің арасынан, жатқан жері жай болғырға қатысты не бар деп іздеймін- ау кейде…Түсі қара ма, қоңыр ма белгісіз домбаздай салған ескерткіштің Абай екенін жобаласақта бет- бейнесінен өзі айтпақшы ,,нұрлы ақыл мен жылы жүректі,, таппай пұшайман боласың ғой қараптан қарап тұрып.Ешбір ой, сезім белгісі жоқ қос жанардың қайда қарап не ойлап отырғаны мен үшін оллахи түсініксіз, өзгеде жұмысым жоқ.Жан жағына гүл егетін жер қалдырып ,,Абай оқуларына,, орайластырып орындықтар орнатса құба- құп болар еді.
И- ә, марқұм Қадыр ағамыз:
Тастың Абай болғысы келіп- ақ тұр,
Абайдың тас болғысы жоқ- ау бірақ,- деп дұрыс- ақ айтқан екен.Түсінеміз, тас болсада ешкімнің сезімсіз болғысы келмейді.Бұл жердегі әңгіме ескерткіш қойғанның жөні осы екен деп ,,мыңмен жалғыз алысқан» қайран да қайран ақынға талғамсыз, тартымсыз, кісіні кері серпитін, сезім атаулыдан жұрдай бірдеңені қалқайта салған жауапсыздықта.Бұл тағы айтам жеке пікірім…
Алты алаш болып 175 жылдығын тойлап жатқан ұлы шайырға арнап атына заты сай ескерткіш тұрғызсақ қаламыздың тағы бір көркіне айналар еді.
Әбдімәлік Белгібай
,,Ара24кз,, шеф- редакторы, Шымкент