САУРАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ М.ТАҢҒАТАРОВ: ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІКТІҢ ЕҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ – ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨМІР СҮРУІНЕ ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ

162

Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Облыс әкімі ауданымызға жасаған сапарында ауданды әрі қарай дамытуды тапсырды. Сондықтан, біздің ең басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету.

Ауданның 2023 жылдың 3 тоқсанның қорытындысымен негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуына тоқталып өтсем:

Ағымдағы жылғы 9 айдың қорытындысымен ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,2 млрд. теңгені (2022 ж. 9 ай – 69,9 млрд. теңге) құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,9 пайызға артып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 66,2 млрд. теңгеге жетті, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 101,4 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 7,5 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың есепті кезеңіне өсім 107,1 пайызды құрады. Аудан экономикасына 22,4 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өсім 168,6 пайызды құрады.

Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 155,1 пайызға артып, 24,3 мың шаршы метрге жетті.

Аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалып отыр.

Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6 мың 911-ге жетіп, аудан құрылғалы бері, соңғы 2,5 жылда олардың саны 4 мың 838-ге өсті .

Осы салада 8 мың адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5 пайызға артты. Тұрғындарының орташа жалақысы былтыр 419,8 мың теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15,1 пайызға артты.

Аудан бюджетінің өзіндік кірістері жыл сайын артып келеді. Салықтық түсімдердің өткен жылғы 9 айда нақты орындалуы 1 млрд. 239 млн. теңгені құраса, биыл 1 млрд. 990 млн. теңгеге жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2 млрд. 172,4 млн. теңгені құрап, ағымдағы жылға қойылған жоспар 100 пайызға орындалады деп күтілуде.