АУДАН ӘКІМІ АРДАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

134

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудандық ардагерлер кеңесі және әжелер алқасымен кездесті. Ауданды дамыту бағытында жұмыс жоспарларымен бөлісіп, олардың ұсыныс пікірлерін тыңдады.

— Дана халқымыз «бірлік бар жер-де – тірлік бар» дейді. Елдің бірлігін сақтап, татулыққа үндеп жүрген сіздердің қоғамдағы еңбектеріңіз ерен. Бізге сіздердің тұщымды пікірлеріңіз маңызды. Біз бүгінге дейін атқарған жұмыстарымызбен қатар, алдағы уақытта ауқымды тірліктер атқаруды жоспарлап отырмыз. Аудан құрылып, оны бір жүйеге түсіру оңай болған жоқ. Барлығы сіздердің көз алдарыңызда өтіп жатыр. Одан әрі көркейту, дамыту, абаттандыру мақсатында кешенді жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылатын болады. Сауран киелі жер. Тарихи мекеннің келбетін бұзбай одан әрі дамытуды қолға алып жатырмыз. Жаңа өндіріс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамту бірінші кезектегі мәселе. Бүгінгі таңда ауданға инвесторлар тартуды қолға алып жатырмыз. Кіріс көзін ұлғайту басты міндеттеріміздің бірі. Барлығы бірден болуы мүмкін емес. Ел болып, сіздер қолдасаңыздар табандап жетеміз. «Тату елге тоқшылық пен береке нәсіп» дегенді алға тартқым келеді, — деп бастады өз сөзін Мақсат Асылбекұлы.

Сонымен қатар, ауданда «Ынтымақ үйі» құрылады. Жиында ардагерлер мен жастар арасын жалғайтын тәрбиелік мәні бар іс-шаралар жобасын құру да сөз болды. Емен-жарқын кездесуде сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов аудан әкімінің жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жиында әжелер алқасы да өздерінің ұсыныс пікірлерін ортаға салды. Аудан әкімі айтылған барлық мәселелер бақылауға алынып, қажеттілігіне қарай шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Аудан басшысы кездесу жиынын қорытындылап, ақсақалдардың жылы сөздеріне рахметін айтып, осылай тоқсан сайын пікір-алысу жиынын өткізіп отыруды ұсынды.