«ABU-DHABI – TURKISTAN» БАҒЫТЫНДА АЛҒАШҚЫ ӘУЕ РЕЙСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

101

Түркістан қаласындағы «Hazret Sultan» халықаралық әуежайында әуе бағыттарының саны ұлғаюда. Бүгін Түркістанға Әбу-Дәбиден «Wizz Air» әуекомпаниясының «Airbus 321» ұшағы келіп қонды. Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал туристік қаласынан бағыт алған ұшақта 100 жолаушы, 7 экипаж мүшесі болды. Сондай-ақ Түркістаннан Әбу-Дәбиге 200 адам аттанды.

Түркістан халықаралық әуежайының Басқарушы директоры Ильяс Нұғмановтың айтуынша, 100 жолаушының 40%-ы шетел азаматтары, яғни туристер. Сол себепті бұл рейстің туризмнің дамуына әсері мол дейді. Әбу-Дәбиден ұшып келген жолаушылардың арасында Үндістан елінің азаматтары өз әсерлерімен бөлісті.

– Мен Дубайда тұратын үндістандықпын. Бүкіл әлемді саяхаттап жүрмін. Бұған дейін Өзбекстан елінде болдым. Мәдениеттеріңіз ұқсас екен. Қазақстанға жұбайыммен бірге 4 күнге келдік. Қай қалаларға баратынымызды әлі шешкен жоқпыз. Қонақ үйге орналасқан соң ойланып, ертең саяхаттауды бастаймыз. Бұл рейстің ашылғаны – менің тағы да осында келуіме мүмкіндік береді. Келесі жолы таулы аймақтарды көремін, – деген Ахмет Баши орналасуға «Керуен сарай» кешенін таңдағанын атап өтті.

«Wizz Air» әуекомпаниясының өкілдері жаңа әуе бағытының іске қосылғанына қуанышты екендерін жеткізді. «ABU-DHABI — TURKISTAN» – әуекомпанияның Қазақстан бойынша іске қосқан үшінші бағыты. Түркістан облысы әкімдігімен іскерлік қарым-қатынасты нығайтып, алдағы уақытта басқа да бағыттарды қосуды жоспарлауда.

Түркістан – биыл Түркі әлемінің туристік астанасы мәртебесіне ие болғаны мәлім. Осыған орай, жыл соңына дейін халықаралық деңгейде түрлі форматта ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру көзделуде. Бүгінгі жаңа рейстің ашылуы жағымды жаңалықты еселеп, өңірдің туристік әлеуетін дамытуға ықпал жасайды. Тарихи әрі ежелгі қаланың бүгінгі келбетін көруге асығатындар қатары артып, келушілер саны көбейеді. Жалпы Түркістан халықаралық әуежайы арқылы Ыстамбұл және Эль-Кувейтке, Қазақстан ішінде Астана, Алматы, Қарағанды, Орал, Ақтөбе және Ақтау қалаларына тұрақты рейстер бар.