“ҰЯЛМАҒАННАН ҰЯЛ” ДЕГЕН ОСЫ ШЫҒАР…”
“Сұмдық-ай! Несін айтасың Шымкенттің жаңа әкімі көне мешітті күл-талқан етіп бұзып тастапты. Тарихи-мұра саналатын мешіт ғимаратын жермен-жексен етіп, сүріп тастағаны қалай?.. Әкім әруақтан қорықпады ма?..”- деген сыңайда дақпырт ақпарат таратып, дүйім жұртты дүрліктіргендер болды. Біраз адам байбалам салды.
Иә, бізде әуелгіде “әкімнің мұнысы қалай?..” дестік. Сөйтсек, ешқандай да мешіт қиратылмапты. Ол туралы Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбеков “шу шыққан мешітке” арнайы барып, мән-жайды баяндады. Мәселе былай… Әкім не көрді, не біліп, не тапсырды?..
Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласындағы А.Иманов көшесі №29 мекенжайда орналасқан ХІХ ғасырдың ескерткіші саналатын Дәуітұлы Шыңғысбай қажы мешітінің жанындағы 1980 жылы салынған қосалқы ғимаратты бұзуға қатысты бейнежазба таралған болатын. Осыған байланысты бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сала басшыларымен бірге оқиға орнына арнайы барып, жағдайды бақылады.
Мешіттің жанындағы қосалқы салынған ғимарат тарихи-мәдени мұраға жатпайды. Медресе 1998 жылға дейін шәкірт оқытты. Апаттық жағдайда болғанына байланысты қазіргі уақытқа дейін бос тұрды. Тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізген «Tech-Inspection» ЖШС-нің сараптамалық қорытындысына сәйкес, аталған қосалқы ғимарат апатты жағдайда деп танылды. Сондықтан қосымша нысан бұзылып, жоспарға сай орнына жаңа оқу ғимараты салынады. Қала әкімі құрылысты тездетіп, сапалы етіп екі айдың ішінде аяқтауды тапсырды. Айта кетейік, мешіт ғимараты зақымдалмаған, бүгінде жамағатқа қызмет етуде-дейді қала әкімінің баспасөз қызметі.
Елді дүрліктіріп, екі ұдай пікір туғызып, “мешіт қиратылды” деп ұялмай-қызармай жалған ақпарат тарату кімге керек болды екен?.. “Ұялмағаннан ұял”- деген осы шығар. Нақты сөйлеп, нақты ақпаратқа жүгінгеніміз абзал!
Ерсұлтан Әмірбек
Журналист