САУРАНДА 8 МЫҢҒА ЖУЫҚ АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

358
Сауран ауданына қарасты Жаңа Иқан ауылдық округі, Ибата елді мекеніне табиғи газ берілді. Аталған ауылда бүгінде 7 871 тұрғын бар. Газбен қамту жұмыстарын «QazaqGaz» ұлттық компаниясына тиесілі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүзеге асырды. Көгілдір сұйық отынды елді мекенге жеткізу үшін 100 шақырымға жуық газ құбыры жүргізілген.
Айтулы шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындардың қуанышымен бөлісіп, аудан инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғаса беретінін атап өтті. Жергілікті тұрғын Жанар Алшымбаева ауылға көгілдір отын келгеніне дән риза.
— Бүгін біздің ауылда үлкен қуаныш болып отыр. Газ келіп, бәріміз қуанып жатырмыз. Бұрын үйді жылыту үшін көмір тасып не отын жарып, күл шығарып әуреге түсетінбіз. Отын тасу да оңай шаруа емес. Қазір көмір мен отын да қымбат. Енді міне бұл бейнеттен құтылдық. Игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғысымыз шексіз, — деді ауыл тұрғыны.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі