Бекжігіт Сердәлі: ЖАСТАР ТЕАТРЫ – ТҮРКІСТАНДА

679

Қазір Түркістанға қызықтап келушілер көп. «Әзірет Сұлтан» тарихи қорық-мұражайы, Шығыс моншасы, «Қылует» мешіті, «Керуен сарай» туристік кешені, «Сиқырлы керуен» балалар ойын-сауық кешені, «Самұрық» аэротеатры, «Биші субұрқақ», «Ұлы дала» мұражайы, ат ойындарымен таң қалдыратын амфитеатр, Визит орталығы, Этно ауыл, Отырар кітапханасы, Оқушылар сарайы, жаңа әкімшілік орталығы, субұрқақтармен ойнаған қайықтар шеруі, түнгі шамдардың жарығымен мың құбылған саябақтар мен саяжолдар… Қысқасы, сілелеп, түнгі төсекке құлағанша көретін нәрсе аз емес. Бұл екі жылда ғана болған жағдай. 10 жылдан кейін не болмақ?.. Елестету қиын!

Ал, мен үшін аса қымбат елордадағы Жастар театрының Түркістанға келуі күтпеген оқиға болды. Әрі қатты қуанып қалдым! Алдымен «Ағау, біз Түркістанда жүрміз ғой» деп театр актері Азамат Есқұлов хабарласты. Сосын «Этно ауылда» театр ұжымымен кездестік. Театр көне қалаға дала жағдайында концерт-қойылым дайындап әкелген екен.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай негізін қалаған бұл театр өзінің сан қырлылығымен, жаңашылдығымен қазақ театр өнерінде өзіндік орнын айшықтап алған өнер ордасы. Республикалық деңгейдегі байқаулардан 10 бірдей гран-при жүлдесін қанжығасына байлауының өзі театр ұжымының өнердегі өрісін байқатса керек. Дәурен Серғазин, Әділ Ахметов, Жандәулет Батай, Айнұр Рахипова, Азамат Эсқұлов, Бақыт Хаджыбаев, Мәдина Май, Махаббат Мадғұлова бастаған қыз-жігіттер театрдың атын қалың көрерменге танытты.

Бұл театрмен мені ерекше байланыстырып тұрған нәрсе – «Көзіме бір көрінсең, бала ғашық» музыкалық драмасы болатын. Себебі, мұнда көптеген танымал қазақ композиторларының әндерімен қатар менің де бір әнім оқиға желісінде ерекше айшықпен орындалады. Сағыныш, алғашқы махаббатты аңсау, ностальгияға құрылған аталмыш қойылым көпшілік көрермен тарапынан күні бүгінге дейін жақсы бағасын алып, астаналық Жастар театры сахнасында үздіксіз қойылып келе жатқан репертуардағы сұранысқа ие спектакльдердің бірі.

Суретте: Елорда Жастар театрымен бірге