«ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛЫНА 72 МЛН ДАНА ЖҰМЫРТҚА ШЫҒАРАТЫН КӘСІПОРЫН АШЫЛДЫ»

136

Шымкентте ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді жоспар аясында қарқынды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күні қалада 5500-ден астам шаруа қожалығы, 50-ге жуық қайта өңдеуші кәсіпорындар 50,0 млрд теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде.
Солардың бірі мегаполистегі Еңбекші ауданы, «Базарқақпа» тұрғын алабында жақында ғана іске қосылған «АйМар Құс» құс фабрикасы. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа нысанның жұмысымен арнайы барып танысты. Халықаралық биоқауіпсіздік стандарттары бойынша құрылған кәсіпорын жылына 72 миллион дана жұмыртқа шығаруға қауқарлы. Бұл мегаполистегі жалпы жұмыртқа өніміне деген қажеттіліктің 42 пайызын құрайды. Кәсіпорын басшыларының айтуынша аумағы 5 га құрайтын құс фабрикасының құрылысы 2023 жылы басталып, өндіріс орнын ашуға кеткен 4,8 млрд теңге «Даму» қоры арқылы 4 пайыздық несиемен алынған.

  • Өндіріс орнын барлық стандарттарға сай жасадық. Мақсатымыз халыққа сапалы, халал, жоғары сұрыпты өнім ұсыну. Бүгінде балапан өсіруге 2 цех, тауыққа арналған 4 цех, жұмыртқа сұрыптайтын цех жұмыс істеп тұр. Фабрикадағы құстар гармондық қоспаларсыз, өсу стимуляторлары қолданылмай, генетикалық түрлендіргіш заттарсыз өсіріледі. Кәсіпорын ең озық, заманауи технологиямен жабдықталған. Алдағы уақытта фабрикамызды үлкейтіп, тауық санын 660 мыңға өсіріп, сәйкесінше өнім санын да арттырмақшымыз, — дейді кәсіпорынның қаржы директоры Сәбитұлы Жандос.
    «АйМар Құс» құс фабрикасының жұмыртқалары тауықтың «СуперНик» элиталық тұқымдарынан алынады. Жаңадан ашылған кәсіпорын 100-ге жуық жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр. Жұмысшылардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар.
    Аталған құс фабрикасы елімізде ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында құрылып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мегаполис тұрғындарын жұмыртқамен толық қамтуға бағытталған.
    Айта кетейік, кәсіпорын бірінші қажетті әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында халыққа 50 теңгеден жұмыртқа ұсынады. Осыған дейін қалада жұмыс істеп тұрған 3 ірі құс фабрикалары нарықтың 50 пайызын қамтыса, жаңа кәсіпорынның қуатымен 70 пайызға жетеді деп күтілуде.
    Сондай-ақ кәсіпорын 1 санатты жұмыртқа бағасын тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорымен келісім-шарт түзуде, алдағы уақытта қала тұрғындарын делдалсыз, тікелей өндіруші бағасымен қамтамасыз ететін болады.