«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫНА 20 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚАТЫСТЫ

155

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясының «Таза өлке» апталығы аясында өңірде 56 іс-шара өткізіліп, оларға 20 мыңнан астам адам қатысты. Аталған шараға мемлекеттік және жеке ұйымдардың қызметкерлері, еріктілер мен облыс тұрғындары қатысты.

Мәселен, Созақ ауданында өткен «Таза өлке» апталығына 1000-ға тарта тұрғын жұмылдырылған. Ал Сайрам ауданында арық-атыздарды тазартуға жалпы саны 500-ге жуық адам қатысса, Түлкібас ауданында өткен экологиялық акцияға 450 адам атсалысқан. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы «Түркі бағы» және «Жеңіс» саябақтарындағы өткен сенбілікке жалпы 200-ге жуық жас белсенділік танытқан. Сондай-ақ, Кентау қаласында өткен тазалық жұмыстарына 200 жас қатысып, саябақтағы ескерткіштер мен тақтайшаларды шаңнан тазартты. Бұдан бөлек, Шардара қаласындағы суқойма жағалауында жүргізілген тазалық жұмыстарына 100-ге жуық адам жұмылдырылса, Жетісай қаласында орналасқан Орталық саябақта тазалау жұмыстары жүргізіліп, жалпы 120 азамат белсенділік танытты.

Айта кетейік, еліміз бойынша ұйымдастырылып жатқан тазалық науқаны 5 аптаға созылады. «Таза өлке» апталығы 6-13 сәуір аралығында өткізілсе, 13-20 сәуір аралығында – «Киелі мекен», 20-27 сәуір аралығында – «Жасыл аймақ», 27 сәуірден 4 мамырға дейін — «Өнегелі ұрпақ» апталығы, 4 мамырдан 11 мамырға дейін — «Мөлдір бұлақ» апталығы өтпек.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі