ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

135

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысына ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі, комиссия бойынша Түркістан облысының кураторы Баян Жандосова және облыстық комиссия мүшелері, құзырлы орган қызметкерлері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары және комиссия мүшелері селекторлық форматта қатысты.

– Бүгінде қоғамда әйелдер істері, сонымен қатар отбасылық мәселелер қызу талқылануда. Түркістан өңірінде әйелдер қауымы барлық салада жемісті еңбектер етіп жатыр. Облыс көлемінде 200 мыңнан астам кәсіпкер болса, оның 68 мыңға жуығын шағын және орта бизнеске басшылық жасап жатқан әйел азаматтары құрайды. Жалпы бұл бағыттағы комиссия жұмыстары облыста жоспарға сай жүргізілуде. Алайда кейбір аудан, қалалар комиссия жұмысына салғырт қарап, республика деңгейінде облыстық комиссия жұмысына сын келтіруде. Осыған байланысты аудан, қаладағы комиссия төрағарлары және хатшылары сіздерге тиісті жұмыстарды орындап, жауапкершілікпен қарауды ескертемін. Ерте жүктілік мәселесіне түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Дегенмен бұл тіркелген 400-ден астам деректі ақтап ала алмайды. Мұның салдары да көп. Жылы жауып қоюға болмайды. Республика көлемінде қаралып жатыр қазір бұл проблема. Оған арнайы заң бар. Қалыпты тіршілік деп қарамайық. Тиісті жұмыс жүргізуді денсаулық пен білім саласы бірлесе атқару керек, – деген облыс әкімінің орынбасары айтылған ұсыныстар мен ескертпелерді хаттамаға түсіруді тапсырды.

Күн тәртібінде 6 мәселе қаралды. Жиын барысында құзырлы мекемелер мен тиісті басқарма өкілдері баяндама жасады. Облыс көлемінде әйелдер жұмыссыздығын азайту және осы бағыттағы жоспарланған шаралар талқыланды. Сонымен қатар құқық бұзушылық, зорлық-зомбылық фактілері туралы деректер келтіріп, әйелдердің репродукті денсаулығын қорғау, соның ішінде ана мен бала өлімінің проблемалары айтылды. Ауыл әйелдерінің өмір сүру сапасын, білім деңгейін арттыруға, репродуктивті денсаулықты жақсартуға, сондай-ақ экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал ететін өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары ұсынылды. Түркістан облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жаңа редакциядағы жұмыс жоспары қаралды.