«БІЗДІ БІРІКТІРЕТІН ҮЛКЕН КҮШ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ» — ЖЕТІСАЙЛЫҚ ХАЛИМ ТУРСУНОВ

103

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді жетік меңгерген азаматтарды үлгі ету керектігін баса айтқан болатын.

Бұл орайда, бүгінде Түркістан облысында этнос өкілдері үшін «Қазақтану» жобасы аясында мемлекеттік тілді меңгеруге жан-жақты қолдау жасалуда. Осы ретте, ел бірлігін нығайту жолында көптеген игі істердің ұйымдастырушысы болып жүрген жетісайлық мұғалім Халим Турсунов мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге белсене атсалысып келеді.

Турсунов Халим Жорабайұлы 1979 жылы 14 ақпанда Жылы су ауылдық округіне қарасты Әл-Фараби ауылында дүниеге келген. Аталмыш ауылдағы мектепті бітіріп, 1997-2001 жылдар аралығында ХҚТУ-нің тарих мамандығы бойынша тәмамдаған. 1999 жылы Жылы су ауылдық округіне қарасты қазіргі Х.Доспанова атындағы жалпы орта мектебіне мұғалім болып жұмысқа орналасады. 2008-2010 жылдар аралығында Халықаралық әлеуметтік-гуманитарлық техникалық университетінде педагог-психолог мамандығы бойынша білімін толықтырып, қазіргі таңда аталған мектепте тәлім беріп жүр.

«Қазақ тілі тек қазақ халқының тілі емес, Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін әрбір азаматтың тілі. Меніңше, еліміздің әрбір азаматы мемлекет алдындағы жауапкершілікті жіті сезініп, мемлекеттің заңын, тілін, ұлттық ерекшеліктерін құрметтегені абзал. Бұлай болған жағдайда этносаралық татулық пен қоғамдық келісім салтанат құрып, этностар өзара рухани байланыс орнатады, бірін-бірі жақсы түсінеді. Сондықтан еліміздегі барлық этнос өкілдері мемлекеттік тілді сыйлауға міндетті деп санаймын. Қазақстанның келешегі қазақ тілінде екеніне кәміл сенімдімін», — дейді тіл жанашыры.

Халим Турсунов туып-өскен ауылында бүгінгі таңда өзі қызмет етіп жатқан мектепке қазақтың батыр қызы, Халық қаһарманы Х.Доспанованың атауы берілуіне де зор үлес қосқан азамат.

Білікті ұстаз жұмыс барысында аудандық, облыстық, республикалық іс-шараларға белсене қатысады, «Оңтүстік Қазақстан», «Ұстаз жаршысы», «Жеті сыр», «Жаңа Жетісай» сынды басылымдарда мақалалары жарияланып тұрады. Сондай-ақ, аудандық, облыстық, республикалық іс-шараларға қатысып түрлі сертификаттар мен Алғыс хаттармен, «Ерен еңбегі» медалімен марапатталған.

Халим Турсуновтың отбасын бейнебір спортшылар отбасы деуге болады. Себебі бауырларымен қоса өзінің перзенттері де кәсіби спортшылар. Отбасында бір ұл, бес қыз тәрбиелеп отырған Халим Жорабайұлының ұлы Жалолиддин қазақ күресінен аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Үлкен қызы Гүлназ қазақ күресінен Түркістан облысында қыздар арасында өткен жарыста ІІІ орынды иеленді. Одан бөлек аудандық, облыстық деңгейдегі бірнеше жарыстардың жеңімпазы атанған.

Ұрпақ тәрбиесі жолында аянбай еңбек етіп жүрген Халим Жорабайұлы 2022 жылдан бастап Жетісай аудандық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы болып жұмыс атқаруда.

Еске сала кетсек, Түркістан облысындағы Ассамблея құрылымдарының ұйытқы болуымен өңірдің барлық аудан, қалаларында жалпы саны 17 мемлекеттік тілді оқыту орталықтары жұмыс істейді. Өткен жылы осы курстарға 4 мыңға жуық адам қамтылды. Жалпы, этнос өкілдері тарапынан мемлекеттік тілді үйренуге, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін біліп-үйренуге деген талпыныс жоғары. Қазірдің өзінде облысымыздағы этнос өкілдерінің 94 пайызға жуығы қазақ тілін жетік біледі, құрмет тұтады.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің баспасөз қызметі