ТҮРКІСТАН: ҚХА ЖАНЫНДАҒЫ АНАЛАР КЕҢЕСІ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН НЫҒАЙТУ ЖАЙЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

89

Бүгін Түркістан қаласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің жиыны өтті. Жиынды Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова ашып, жүргізіп отырды.

Алқалы басқосуға облыстық ҚХА жанындағы қалалық, аудандық Аналар кеңесінің төрайымдары, этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысты.

Келелі жиында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева қоғамдағы аналардың рөлі мен жауапкершілігі және ұрпақ тәрбиесі туралы салиқалы сөз қозғады, сондай-ақ Мемлекет басшысының ҚХА Кеңесінде және Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларының орындалу барысына тоқталды.

– Аналар кеңесінің негізгі мақсаты – қоғамдағы береке-бірлікті, келісімді нығайту. Сонымен қатар, отбасы институтын сақтауға ықпал ету, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Осы бағыттағы жұмыстарды Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесі ары қарай жандандыра бермек, — деді Эльмира Ұласбекқызы.

Жиында белгілі болғандай, қазіргі таңда Түркістан облыстық ҚХА жанында түрлі деңгейдегі 204 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Өңірдегі Аналар кеңесі 1200-ден аса белсенді ананың басын қосып отыр. Кеңес құрамында өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген белгілі педагогтар, дәрігерлер, этномәдени бірлестіктер өкілдері, зейнеткерлер, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері, жеке кәсіпкерлер, үй шаруасындағы, мәдениет саласындағы, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер, әлеуметтік қызметкерлер бар. Жалпы өткен жылы ҚХА жанындағы облыс, аудан қалалардағы Аналар кеңесінің ұйытқы болуымен 47 іс-шара өткізілген.

Күн тәртібіне сәйкес, жиында облыстағы бала құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы бойынша жергілікті атқарушы органдармен және өзге де ұйымдармен өзара әрекеттері туралы, сондай-ақ «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының облыста іске асырылуы, ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелері талқыланды. Бұл орайда, Түркістан облысы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі, облыстық мәслихат депутаты Динара Егембердиева, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Салтанат Жабағиева мазмұнды баяндама жасады.

Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.

Жиынды қорытындылаған «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева отбасы құндылықтарын нығайту бағытындағы жұмыстар ұлттық дәстүрді негізге ала отырып жүйелі жалғаса беретіндігін жеткізді.