ТҮРКІСТАН: ДАУЛАРДЫ МЕДИАЦИЯ ТӘСІЛІМЕН ШЕШУ ТӘЖІРИБЕСІ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

97

Бүгін Түркістан қаласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Түркістан облысы ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев модераторлық етті.

Кеңес отырысында Түркістан облысында медиация саласын дамыту мәселелері және дауларды медиация тәсілімен шешу тәжірибесі жан-жақты талқыланды.

Басқосуға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейітжанов, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, Түркістан облыстық сотының судья медиаторы Марат Арапов, Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығының президенті Дана Кенжеқұлова, «Халықаралық медиация орталығы» Қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы бойынша өкілдігінің директоры Еркебұлан Әлжанов, сондай-ақ Түркістан облыстық құқық қорғау органдарының салаға жауапты қызметкерлері және Түркістан облысы ҚХА жанындағы аудандық және қалалық Медиация кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің филиал басшылары қатысты.

Жиында сөз алған Түркістан облыстық сотының судья медиаторы Марат Арапов өркениетті елдерде бүгінде медиация институтына мықтап ден қойылып жатқанын, бұл ретте медиация ұғымы қазаққа да жат емес екенін тілге тиек етті.

– Соңғы жылдары ел аумағында медиацияға ерекше мән берілуі біздің дәстүрімізден жаңылмай, жаңашыл болуымызды, болашағы біртұтас ел болуымызды меңзейді. Медиация дегенде ең алдымен дауласушы тараптарды құқықтық жолмен өзара келісімге келтіру, заңның үстемдігі арқылы бірлікті сақтау мәселесі айтылады. Бүгінде Түркістан облысында барлық аудандық және оған теңестірілген соттарда татуластыру рәсімдерін жүргізетін 18 кабинет ашылып, татуластырушы судьялар бекітілген. Қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету мақсатында аудандық және оған теңестірілген соттардың бастамасымен медиация кабинеттері ашылған. Сондай-ақ мектеп медиациясын дамыту мақсатында аудан орталықтарында орналасқан 38 мектепте медиация кабинеттері белсенді жұмыс істейді, – деді Марат Абдурахимұлы.

Жиында белгілі болғандай, Түркістан облысы ҚХА жанындағы медиация кабинетінің қолдауымен 2024 жылдың басынан бері облыста 20 дау медиация тәртібімен оң шешілген.

Келелі жиында Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығының президенті Дана Кенжеқұлова дауларды медиация тәсілімен шешу тәжірибесі туралы баяндама жасады.

Кездесу барысында қатысушылар өңіріміздегі этносаралық тұрақтылықты сақтау бойынша өз ойларын ортаға салып, сұрақ-жауап түрінде пікір алмасты.

Жиын соңында Бақытжан Бейсембаев өңірдегі қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде жалғасатындығын жеткізіп, облыс бойынша барлық медиация орталығымен әріптестік байланыс орнатылғанын атап өтті.