“БАЛАПАН БАЗАР АЛПЫСТАН АСҚАНДА ”ҚОРАЗДАНЫП” ҚАЛДЫ….”

1035

Қазақ сатирасы мен журналистикасына Балапан Базар есімімен етене таныс Базарбек Түкібай ағамыз журналистер мерекесі қарсаңында “Қазақ журналистикасының қайраткері” атағын иемденді. Өзіңізге қарап бой түзеп, ой түзеп келеміз. Құтты болсын айтамыз. Жақсы жаңалықты естіген Базарбек Түкібай өз қуанышын былайша бөлісті…
-Таңертең Қоғамдық марапаттар жөніндегі Республикалық Кеңестің төрағасы Марат Тоқашбаевтан сүйінші хабар жетті.
«Құтты болсын!» деп басталыпты.
Әрі қарай оқуға асықтым:
«Қоғамдық марапаттар жөніндегі Республикалық Кеңестің 25-маусымдағы шешімімен Базарбек Түкібаев (Балапан Базар) «Қазақ журналистикасының қайраткері» атағымен және соған сәйкес медальмен марапатталды» делінген.
Содан кейін марапатты бүгін кешке алуға болатынын жеткізіпті.
Алдын ала білгенде алдын ала билет алып қоятын едім. Мен қазіргі астанадамын, марапат бұрынғы астанада. Ойланып отырғанда құдайдың өзі қоңырау шалдырды-ау деймін, Көпен ағамның Алматыда жүргенін естіп қалдым. Дереу телефон шалып, «медалімді ала келіңіз» деп едім:
«Бұрынғылар інісін жұмсаушы еді, қазіргілер ағасын жұмсайды.
Жарайды, алып барамын, бірақ үйге әкеліп бер деп жүрме, өзің келіп алып кетесің» деп бір күлдіріп алды.
Сосын «маған бере ме екен? » деп, тағы бір әзілдеп алды да, «бір шалдың баласымыз ғой, беретін шығар. Болмай жатса жеке куәлігімді көрсетем» деп, одан әрі шын құттықтау-тілекке көшті…
Жақсы тілек жақсы ғой, артынша ЕҰУ-дың Ақпарат орталығына түр түсі, жұрттың бәрі білетін бір кісі кіріп келді. Өре түрегелдік.
«Бұл кісі қайдан жүр?» деп қоямыз.
Сөйтсек, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков бүгінгі Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мерекесімен арнайы құттықтауға келіпті.
Хош, сонымен, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, ЕҰУ-дың 25 жылдығы, менің былтыр өтіп кеткен 60 жылдығым бар, бәрін жиып, өз қолтаңбасы бар «Елтаңба» төсбелгісін кеудеме тағып кетті.
Айтуынша, алып отырған екінші адам мен екенмін, ал біріншісін іштей топшыладым да, кімге бергенін сұрамадым…
Әзірге кеудеге тағылғаны осы — Жандарбек Мәлібековтың «Елтаңба» төсбелгісі.
«Қазақ журналистикасының қайраткері» атағы және соған сәйкес медалі қалай келеді, өздеріңізге көрсетемін.
Жұғысты болсын-дейді Базекең. Айтпақшы…. Қазақ журналистикасының ”қораздарына берілетін бұл атақтың Балапан Базарға бұйыруы расында қалам ұстаған қауым үшін үлкен қуаныш болды. Сөйтіп, 60 жасқа дейін Балапан боп келген Базарбек Түкібай ағамвз алпыстан асқан шағында “Қазақ журналистикасының қайраткері” атағын иемденіп, бір ”қоразданып” қалды. Құтты болсын!

ARA-ақпарат