АРАЛДАҒЫ АЙВАЗОВСКИЙ

537

(Эссе)

Қолбаладай телефоным қоңыраулатты. Қуаныш екен. Жиенбаев. «Осы жігіттің шығармашылығы мен қоса адамгершілігіне де ішім жылиды» деп баға берген Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ізбасар інісі. Анау-мынау нәрсеге іші жыли қоймайтын, ханнан да қарадан да қамықпай, айдарлы пікірін ашық айтатын Әбекеңнің ыстық лебізі мен ықыласына бөлену екінің біріне бұйыра бермеген. Телефон соғып тұрған сол Қуаныш Жиенбаев алыстан орағытпай төркінді мәселесін төтесінен қойды.
– Әбдіжәміл аға ауруханада жатыр. Хал сұрап қайтайық, – деді. Мақұл. Келістік. Кездестік. Жол-жөнекей:
– Ағаны алғаш рет қашан көрдің? – деп сұрады.
– Ұмытпасам, 1970 жылы ҚазМҰУ-дегі ұстазымыз Абдул-Хамид Мархабаев дәріс үстінде студенттерге қарап тұрып: «Кім қой соя алады?», – деді. «Мен», – деп қол көтердім. «Әбдіжәміл ағаның қорасындағы қойды сойып беріп қайт!», – деп жұмсап жіберді. Мәскеуден келген аудармашы Юрий Казаков екеуі кабинетінде жұмыс істеп отыр екен. Қолыма пышақ беріп, қорасындағы қойды көрсетті. Қойшының баласы емеспін бе, жіліктеп-жіктеп, мүшелеп бердім. Мен ғой… классик жазушының қойын көріп қайттым. Ал, сен Қуаныш, халқының қамын ойлаған қаламгермен жиі араласып, қаншама рет қабырғалы ойын көріп қайттың. Міне, екеуміздің айырмашылығымыз қайда, жер мен көктей! – деп әзіл аңғарттым.
– Е-е, о кісі «Тез жет!», – деп шақырғасын бара жатырмын ғой. Ағамыз кез-келген адамды іздемейді, керек кезінде өзі іздеп табады. Тонның ішкі бауындай жақын араласқан адамдары Төрегелді Шарманов, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаевтан бастап қаламдас, үзеңгілес інілері Әбіш, Әнес, Төлен, Қажығали, Бексұлтан, Дулат, Нұрлан, Молдахмет, Смағұл… Олармен ара-тұра кездесіп, бір-бірін іздеп жүргенін аңғарамын.
…Қандай ғажап! Жақсы адамдар жаны қалмай бір-бірін іздейді. Іздеп жүрсең, ізденіп жүрсең ғана із қалады. Із деген не? Ол жүріп өткен біреудің артында қалған айқын белгісі емес пе?. Біздің Қуаныш – қашанда салалы ой мен салмақты пайымды кен іздеген кеншідей іздеп жүретін, ізгілікке жаны құмар жазушы. Оның ерекшелігі де осында. Ел байқамаған, ешкім айта қоймаған ауқымды идеяның тау-тасын кезіп, табанынан тозады. Табады. Тапқасын зергер жасаған жүзіктің көзіндей жәудіретіп жазады. Әйтпесе бар нәрсеге бас ие қоймайтын Әкім Тарази былай дер ме: «Біз кейіпкерлерімізге жоғарыдан менсінбей қараймыз ғой, ал қай кейіпкерін алмаңыз, Қуаныш солардың ішіне кіріп кетеді. Автор сөзуарлыққа салынып, болмайтын тұстан ақыл айтып, өзін көрсетуді де мұрат тұтпайды. Кейін ойладым, бұл бұрын-соңды кездеспеген тақырып қана емес, бұрын соңды кездеспеген стиль де…». Стиль деген не? Жазушының жанры мен жан-дүниесін жан-жақты зерделеген ғұламалардың пайымдауынша, «стиль – адамның өзі». Қазақша айтқанда, өзің қандай болсаң, сөзің де сондай. Сондықтан да болар, Қажығали Мұханбетқалиев көзі тірісінде Қуаныштың өзіне тән стилінің қалыптасқанын, дүниені өзінше көріп, өзінше байлам жасай алатындығын байқап, ажарлы ойын айтып кеткенін білеміз.
– Ал Қуаныш, сен өзің Әбдіжәміл ағамен қашан, қай жылы таныстың?
– Сонау жетпісінші жылдардың соңында «Лениншіл жас» газетінде менің «Тұз» деген очеркім жарияланды.
– Не туралы? Мазмұны…
– Табаны көрініп тартылып кеткен Арал теңізінің атақты балықшысы Социалистік Еңбек Ері Төлеген Әлімбетов бір қауым елмен Қапшағайға қоныс аударып, көшіп келді. Сол ағай Аралдың бір қапшық тұзын өзімен бірге ала келіп, қайығының басына байлап қойған екен. Теңізге шыққан сайын тұздың бір-екі түйірін аузына салып, дәмін татып отыруды әдетке айналдырса керек. Туған жердің тұзынан, дәм-тұзынан артық не бар?! Міне, негізгі арқауы. Очеркімді оқыған Әбекең газеттің редакторы Сейдахмет Бердіқұловқа телефон шалып, «Авторы кім? Тақырыбы – біздің ауылдың тақырыбы ғой. Мүмкіндігі болса, сол бала біздің үйге соғып кетпес пе екен?», – деп мені іздепті. Бардым. Алғаш рет амандастым. Тақырыбымыз ортақ болғасын ба, әрі қарай әңгімеміз жарасып жүре берді.
Кімді кім іздейді? Оқырмандар ізденген қаламгерді іздейді. Кермек шығарма кімге керек? Жазған дүниесінің тұзы татыса ғана іздейді.
Әбдіжәміл аға бір сөзінде Қуаныш інісіне мынадай ой тастапты: «Ана дүниенің азабы мен тозағын кім білген? Егер келешек ұрпақ адамдарға ескерткіш қою керек болса, ол тек аралдықтарға қойылуға тиіс!». Ойлы сөз. Жан айқайы бар жанашыр сөз. Осы идеяны темірқазық етіп ұстанған қаламгер інісі өз шығармаларында Аралда туып, Аралда өскен, экологияның азабын тартқан, әлі де тартып келе жатқан адамдарға ғана емес, жер шарындағы апатқа ұшырай бастаған Адамзатқа көркем сөзбен көрнекті ескерткіш қоюды мақсат етті. Арқалы ақын Есенғали Раушановтың «Кіл саудагер ел тізгінін қолға алып, сатып жатыр Отанды» деп жылап жазған жыр тізбегінің үзіндісін жиі қайталайды. Неге? Поэзияның да, прозаның да мүддесі бір. Отанды сүюге, ел мен жер үшін күюге, табиғаттың таза қалпын сақтап, тамылжыған ой түюге бет бұрған берекелі қаламгердің парасаты бұл.
Әлемдік әдебиетпен сусындаған танымал сыншы Амангелді Кеңшілікұлын тәнті еткен тағы бір тұсына тоқталайын. Сүзіп оқып сүзгіден өткізетін сыншы не дейді? «Жазушының кітаптарындағы суреттелетін ауылды көруге ынтығып, Арал жаққа тартып кеткің келеді. Осы тақырыпты бұрын-соңды да сан мәрте қаузаған қабырғалы қаламгерлеріміздің жазғандарына мүлдем ұқсамайтын басқа бір әлемнің есігін ашқандай көңіл күйге бөленесің». Ағынан жарылған ақиқат баға.
Барсакелмес аралындағы қорықшылар туралы «Құлан жанарындағы ғұмыр» атты повесі 1990 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланды. Арал алыстап, тартылғаннан кейін қорықтағы құландарды Қапшағайдың Алтынемел жазығына әкеліп жерсіндіреді. Күндердің күнінде Барсакелместің қорықшысы құландарды іздеп келсе, өзінің бағып-қағып өсірген жануарлары иесін таниды. Жан мен жануардың жанарлары түйіскен сәтте қорықшының бүкіл ғұмыры құланның көзінен көрініп тұрады. Міне, сезім. Жануарлар да адамды іздейді екен.
Нобель сыйлығының лауреаты Иван Бунин жас жазушы Набоковтың жақсы шығармасын оқығанда былай депті: «Бір жас жігіт апыл-ғұпыл келді де, қабырғасы қаусаған шалдарды бір-ақ оғымен жайратып салды». «Кімді, нені меңзеген?» дейсіз бе? Талай дүниесін таптаурын стильмен жазып жүрген қартамыс қаламгерлерді қатардан шығарып жібергенін тұспалдаған. Осы тұрғыдағы ойым – Қуаныштың «Жер үстінде де жұмақ бар» романы Набоковтың «бір-ақ оғы» сияқты көркем дүние.
Орыс халқында «Бақытты адамдар кітап жазбайды» деген сөз бар. Айтпағы не, астарында не ұғым? Бір қарағанда кертартпалау тәмсіл. Шын мәнінде солай ма? Олай емес. Бар өмірін әдебиетке арнаған Қуаныш сияқты қаламгерлерге кітап жазудан басқа бақыт жоқ. Рас па? Рас. Қисынды ма? Қисынды.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың немере қызы Мэри Трамп атасы жөнінде кітап жазған. Бір қызығы, кітаптың атын «Әлемдегі ең қауіпті адам» деп қойған. Шығармасында шындықтың бәрін жайып сап, ақиқатын айтқан. Мұны мысал ретінде келтіріп отырмын. Қуаныштың «Жер сілкінісінен бір жұма бұрын» кітабы «Жалын» баспасында үлкен талқыға түскенін білем. Баспа басшылары «Міне, кітаптың атын тосыннан қоюдың үлгісі. Оқырмандарды ортаға тартып оқыту үшін осындай ат керек-ақ!», – деп қолдаған. Мұның өзі ізденудің белгісі.
Замандасымның, қаламдасымның қасиетін аша түсу үшін өзіме өзім сұрақ қойып, оған өзім жауап беріп көрейінші.
– Адамның ең үлкен жауы кім?
– Өзі.
– Неге?
– Еңбек етіп тырбанбаса, ащы тердің тәтті дәмін тата ма? Татпайды. Әрекетке берекет келетінін білген біздің Қуаныш өзіне-өзі жаулық жасамаған. Ылғи да ылдидан төске шауып отырған.
– Өмірдегі ең үлкен ақымақтық?
– Өтірік айту. Жалған сөйлеу – жардан құлағанмен бірдей. Өтірік айтып, өтірік көлгірсу табиғатында жоқ.
– Ең үлкен жеңіліс?
– Менмендік. «Мен, мен деп төсін ұрады. Төсі сынса несін ұрады?», – деген Шона ағамыздың шымшымасы бар. Ол төс ұрып, төбеге ұмтылған емес. Менмендік жоқ, мейлінше биязы.
– Ең үлкен қайғы?
– Қызғаныш. Қызғаншақтық. Біреудің жетістігін көре алмаған көрсоқыр пенде қайғы жұтпағанда қайтеді. Қуаныштың тұла бойы тұнған іштарлық емес, құштарлық!
– Ең үлкен қателік?
– Өзін жоғалту. Ол ешқашан өзін өзі жоғалтпаған. Керісінше кестелі ойлар мен керемет идеяны ойлап, жоқ іздеген адамдай жол үстінде жүреді. Адам қалпынан айнысаң – адасқаның. Онда өзіңді жоғалтасың. Қунақ мінез Қуаныштың бар болмысы – ізгі ой ойлап, ізгі сөз сөйлеп, ізгі іс тындыру.
Өзім куә болған ізетті тірлігінің біреуін ғана айтайын. Журналистика факультетінде Қуанышпен бірге оқитын бір қызға көзім түсіп, құдайдың құтты күні жатақханасына келгіштеп жүрдім. Оны байқаған жора-жолдастары «Көзі көкшиген мына жігіт біздің курстың қызына қырындап, қыр соңынан қалмады ғой. Давай, сабап жіберейік!», – деп білек сыбанып өре түрегелсе, Қуаныш «Бәріміз Бекежан боламыз ба? Бір қыздың бағын байламаңдар! Қойыңдар!», – деп ара түсіпті.
Осындайда Мұхтар Әуезовтің «Әрбір қаламгер әдебиетке өзінің талантымен ғана емес, мінезімен де сіңісуі керек», – деген тәмсілі ойыма түседі. Қай ортаға болмасын, талантымен де, табиғи мінезімен де сіңіскен жігіт қой ол.
– Ең үлкен қадам?
– Жығылған соң қайта тұру. Жұмыр басты пенде болған соң әрине жығыласың, сүрінесің. Қуаныш та қаншама рет жығылды, сан мәрте сүрінді. Бірақ жығылған жерінде жатып қалған жоқ. Қарғып тұрып қадам жасады. Ең үлкен қадам сол – қанша құласа да қазақ әдебиетіне қарай беттейді.
– Ең үлкен жұбаныш?
– Имандылық. «Мен Құдайға сенсем болғаны, адам боп шыға келем», – деп жарықтық Лев Толстой айтпақшы, Қуаныш Жиенбаевтың адам боп жүргені де осы қасиетті қастерлеп сақтағаны.
– Ең үлкен құт-береке?
– Кең пейіл. Мысал ма? Міне… Мұхтар Мағауин «Жұлдыз» журналының бас редакторы боп тұрғанда Қуаныш Жиенбаевты іздеп тауып, ақ ниетпен жұмысқа шақырды. Бұл да «Үй кезегі келіп қалып еді, барсам, баспанасыз қалам ғой», – деп ақ ниетін ақтарып салды. Ол кезде «Жұлдызда» жұмыс істеу жарты патшалықпен парапар еді. Бара қоймады. Мағауин әр кездескен сайын «Мен сені классик басыммен жұмысқа шақырып едім, сен бірақ келмедің», – деп өкпелегендей сыңай танытып жүрді. Ағасының пейілі де ақ, інісінің пейіл-ниеті де ақ. Араларында наз ғана бар.
«Жаһандану үдерісіне бейімделе отырып, ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесін өткір қоюы – автордың тынымсыз ізденісінің нәтижесі». Бұл – қайраткер қазақ Амангелді Айталының ізденуден жалықпайтын інісі туралы пікірі. Таңдамалы шығармаларын талғампаздықпен оқығаннан кейінгі түйінді сөзі. Ұлттық құндылығымыздың бірі де, бірегейі де – тіл. Ана тілінің ажарын аша түсетін не? Сөз. Сөйлем сөзден құралады. Ендеше қаламгердің қаруы да, бар байлығы да тіл екені түсінікті. Қуаныштың бір ғана «Әкім кетіп қалды» атты әңгімесіндегі бірен-саран тіл нақыштарын тізімдейін. «Тікбақай тірлік», «Сейілхандай не тыраштану?», «Өй-дөйт, айтыңыздар», «Экологиялық апатты аймақтың әлеуметтік мәселелерін шешетін дерек дегеніңіз жыртылып айырылады», «Ескі сүрлеумен тарта бергілері келеді», «Кіші теңіздің ауылға қарай митыңтап бет бұрған су мөлшері секілді», «Ән қайырмасындай әдемі естіледі», «Қым-қуыт шаруа», «Үйінен қашан иіс шығарып еді?», «Күнделікті кәкір-шүкір ғой, әйтеуір…».
Ұлт бояуы. Ұғымды ма? Ұғымды. Жұғымды ма? Жұғымды. Қазақы тілдің қаны айналып тұрғандай.
Теңіз тақырыбына көп қалам тербеген әйгілі Константин Паустовский «Теңіз жағалауында туған адамның ақын болмасқа хақы жоқ», – депті. Аралда туғандар кімдер дейсіз бе? Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Шүкіров, Абдул-Хамид Мархабаев Молдахмет Қаназов, Жарасқан Әбдірәшев, Шөмішбай Сариев, Жақсылық Түменбаев, Жақау Дәуренбеков, Сайлаубай Жұбатыров, Бауыржан Омаров және олардың ортаңқолы Қуаныш Жиенбаев. Осы «ортаңқолдың» алғашқы арманы суретші болу еді. Алабұртқан шағында алып-ұшып, сан түрлі қайқы бас қайықтар мен кер кеуде кемелердің суретін салатын. Долданған теңіздің толқынын ақ қағазға көк бояумен бедерлейтін.
– Атақты Айвазовскидің «Тоғызыншы толқын» картинасын көріп, еліктеген жоқсың ба?- деп сұрадым.
– Оған онша қызыға қоймадым, – дейді ол. – Өйткені ондай сурет күн сайын көз алдымыздан өтіп жатты. Біз үшін таңсық емес.
Балалық шақ, бал дәурен кездегі бастапқы арман-қиыл алыстан қол бұлғап, жүрек түбінде ұялап қалатыны рас. Халық артисі Асанәлі Әшімовтің де, Құдайберген Сұлтанбаевтың да әу баста суретші болсам деген шарана қиялы шартарапты шарлаған. Суретші болды ма? Болды. Өнер өлкесінің хас шебері болған жоқ па! Сол сияқты Қуаныш та Айвазовскийдің суретшілік қасиетін тұла бойына тұндырып, әдебиет әлемін көркем сөзбен көмкеріп кестеледі. Сырлы сөзбен дүбірге толы дүниені суреттеу де – суретшінің болмыс-бітімі.
…Ол – Аралда туған Айвазовский.

Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері