ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ – ПАРТИЯ БАҚЫЛАУЫНДА

106

Шымкент қаласындағы денсаулық мекемелерінде медициналық жабдықтар мен төсек-орындардың жетіспеушілігі анықталған. Еліміздің барлық аймақтары бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес, 10 000 адамға шаққанда төсек-орынмен қамтылу деңгейі Шымкент қаласы бойынша 36,57-ні құрайды. Яғни, республика бойынша соңғы орында тұр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесі мүшелерінің бірлескен отырысында Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бахытжан Абдуллаев айтты.

ҚР ДСМ «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы» ШЖҚ РМК Шымкент қалалық филиалының мәліметінде Шымкент қаласында халық санының (1 212 211 адам) өсуіне байланысты төсек-орындардың жетіспеушілігі туындаған. Жалпы медициналық мекемелерде 2024 жылғы тәуліктік стационарлық қызмет көрсететін 4793 төсек-орын бар. Оның ішінде мемлекеттік медициналық ұйымдарда – 3751, жекеменшік медициналық ұйымдарда — 1042 төсек орын. Дегенмен бұл орындар мегаполис тұрғындары үшін өте аз.
Денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер мен кемшіліктер айтылған жиынға қалалық партия филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің мүшелері, денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде денсаулық сақтау басқармасының 2023 жылы атқарған жұмысы, сонымен қатар 2024 жылға арналған жоспарлары мен медицина саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстары талқыланды.
Қазір мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлініп жатыр. Әсіресе педагогтер мен медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға баса мән берілді. Енді азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту қажет. Бұл, ең алдымен, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселе болып жатыр. Басқарманың мәліметіне сәйкес 2023–2025 жылдарға арналған орта мерзімді даму жоспарына медициналық техниканы сатып алуға – 10,7 млрд теңге, 2023 жылы – 3,5 млрд теңге, 2024 жылы – 3,6 млрд. теңге, 2025 жылы – 3,6 млрд. теңге бөлу жоспарлануда. Ұлттық жоба шеңберінде жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жүзеге асырылу жоспарланған екен.
Биылғы жоспар бойынша Құрсай шағынауданынан тәулігіне 450 келушіге арналған емхана салу көзделген. Жеке инвестор – «14 Емдеу орталығы» ЖШС. Инвестициялық жобаның құны – 1 млрд теңге. Жер учаскесіне қатысты дау оң шешілген. Инвесторға басталған құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін жер учаскесі қайта бөлінетін болды. Құрылыс жұмыстары биыл 1 тоқсанда бастаған. Ғимараттың жалпы ауданы 7000 шаршы метр құрайды. Құрылыс жұмыстарын аяқтаудың және пайдалануға берудің жоспарланған мерзімі — 2024 жылғы 4-тоқсан.
Жанар Бектаева өз сөзінде «Аманат» партиясы денсаулық саласындағы барлық мәселелердің жүйелі шешілуін үнемі бақылауда ұстайтынын баса айтты.
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының 2021 жылғы 3 ақпанында «2021 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жол картасы» бекітілген. Жол картасына сәйкес, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы барлық мемлекеттік кәсіпорындарында комплаенс офицер қызметі құрылған. Бүгінгі таңда Шымкент қаласының денсаулық сақтау ұйымдарында жалпы 28 комплаенс офицерлері тұрақты түрде жұмыс жүргізуде. Олардың негізгі міндеті – ұйымның және оның қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың сақтауын қамтамасыз ету.
Айта кету керек, денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелерде 2023-2024 жылдары сыбайлас жемқорлық бойынша жауапқа тартылғандар жоқ.

Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ