БАСЫМДЫҚ – ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСТЕ
Премьер-Министрдің отандық өндірісті қолдау бойынша тапсырмасына сәйкес вице-премьер Серік Жұманғарин Шымкентке келіп, жұмыс істеп тұрған ірі өндірістік және ауыл шаруашылығы нысандарының жұмысымен, құрылыс барысымен танысты.
Вице-премьер әуелі Шымкент көлік-логистикалық орталығының аумағында орналасқан «НМИ-Юг» ЖШС көпфункционалды қойма кешенін аралады. Ауданы 5 гектар аумақты алып жатқан жобаның құны 10,2 млрд теңгені құрайды. Құрылыстың бірінші кезеңін биыл аяқтау жоспарланған, бүгінде алғашқы кезеңнің құрылыс-монтаждау жұмысы 90 пайызға орындалған. Мұндағы қойма үй-жайларының жалпы ауданы 22 мың шаршы метрді құрап, 107 жұмыс орны ашылмақ.
«НМИ-Юг» ЖШС-нің құрылтайшысы Айжан Наимбекованың айтуынша, бұл тоңазытқыш камераларының температурасын -18-ден +4 градус Цельсийге дейін реттелетін А+ санатындағы климаттық бақылау жүйесі бар қойма болады. Бұл тауардың кең ассортиментін сақтауға мүмкіндік бермек.
Вице-премьерге «Alsera kz» ЖШС жылыжай кешенін салу жобасы таныстырылды. Құны 650 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны «Бозарық» индустриялық аймағында «Alarko Holding» түрік компаниясы жүзеге асырып отыр. Бұл жаңа технологияларды қолдана отырып, 500 га алаңда кезең-кезеңімен іске асырылады. Мұнда қияр, қызанақ, бақша, тамыр дақылдары мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру жоспарланған. Бұл Шымкенттегі қызанақ пен қияр өсіретін ең үлкен жылыжай кешеніне айналмақ. Онда 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкент көлік-логистикалық орталығының аумағында жүзеге асырылатын басқа да жобалар туралы баяндады. Серік Жұманғарин іске асырылып жатқан жобалардың перспективасын жоғары бағалап, мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті, Өйткені, жобалар АӨК саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға, яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді 70 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Вице-премьер «AZALA Textile»ЖШС-ге барды. Бұл – Қазақстандағы дайын мақтаны өңдеу және тоқыма өнімдерін шығару бойынша толық аяқталған циклді ірі және жалғыз тоқыма фабрикасы. Фабрикада 475 адам жұмыс істейді. Бірегей тоқыма комбинаты иірілген жіптен тоқыма бұйымдарына дейінгі өнім түрлерін шығарады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 6 800 тоннадан астам иірілген жіп пен 14 млн. сызықтық метр ауыр матаны құрайды. Бұл экспортқа бағытталған кәсіпорын, AZALA Textile өз өнімдерінің шамамен 70 пайызын таяу шет елдерге, Литваға, Германияға, Италияға, Польшаға, Бельгияға, Данияға, Латвияға және Түркияға тасымалдайды.
«AZALA Group» ЖШС-нің атқарушы директоры Берік Қадыралиев вице-премьерге өндіріс орнының жіп иіру, тоқыма, бояу және тігін цехтарының жұмысымен таныстырды. Мерекелік демалысқа қарамай фабрикада жұмыс қайнап жатты. Серік Жұмағаринді фабрикадағы көптеген өнімнің ішінен арнайы жұмыс киімі қызықтырды. Сондай-ақ, вице-премьер камуфляж формасын фотоға түсіріп, фабрикадағы мамандармен пікір алмасты.
Цехтардың жұмысымен танысып, компания басшылығымен әңгімелескен Серік Жұманғарин отандық тоқыма өнімдерін мемлекеттің мұқтаждығы үшін көбірек сатып алуға болатынын айтты. Бұл отандық өнеркәсіптің дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Галина ГЕРМАН