АУДАН ӘКІМІ АЗАТ ОРАЛБАЕВТЫҢ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНА ҮНДЕУІ
Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірменді жерлестер!
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы басталған болатын. Аталған акция аясында облысымызда “Таза өлке” деп аталатын апта сайынғы экологиялық шаралар қолға алынып, барлық аудан-қалаларда санитарлық-тазалық, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оған ордабасылықтар да зор үлес қосуда.
Акция басталғалы аудан көлемінде 25 мыңға жуық түрлі ағаш көшеттері отырғызылды, 33 шақырым ирригациялық жүйелер тазартылды, 12 гектар аумақты құрайтын гүлзарлар мен саябақтарда тазалық жұмыстары жүргізілді. Аталған жұмыстарға 8 мыңнан астам адам жұмылдырылды.
Құрметті жерлестер!
Бұл — бір айлық акция емес. Жыл бойына жалғасатын шара. Мақсатымыз да айқын. Ол — ағаш отырғызуды, айналаны таза ұстауды, абаттандырып отыруды күнделікті әдетке айналдыру. Сондай-ақ халық арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру, тұрғындардың, оның ішінде жастардың табиғатқа деген жанашырлығын ояту.
Құрметті аудан тұрғындары!
Қоршаған ортаны қорғау әрбіріміздің міндетіміз.
Сондықтан баршаңызды өз ортамызды, көшемізді, ауламызды таза ұстауға және ауданымызда өткізіліп жатқан сенбілік шараларына белсене қатысуға шақырамын!
Осы бағытта жұдырықтай жұмылып жұмыс істейміз деп сенемін!
Бірлік пен еңбектің арқасында ауданымызды таза әрі жасыл аймаққа айналдырайық!