АУДАН ӘКІМІ ШҰБАР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

51

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев бектіліген кестеге сәйкес Шұбар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Бекбосынов, аудан әкімі аппаратының басшысы Жұманәлі Кәдиев, аудан әкімінің орынбасары Қыдыр Сейітқұл, аудандың ішкі істер бөлімінің, салалық бөлімдердің, мекемелердің басшылары, қоғам белсенділері және т.б.қатысты.

Аудан басшысы 2023 жылдың соңында болған кездесуде шұбарлықтар тарапынан

15 мәселе көтерілгенін, бүгінгі таңға олардың

7-нің шешілгенін айтып, қалғандары бойынша тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті.

Мәселен, Жусансай және Сарытоғай ауылдарында ескі трансформаторлар жаңартылып, Аққойлы ауылындағы Ж.Пернебайұлы көшесіне жарықтандыру құралдары орнатылып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ Шұбар ауылындағы О.Жандосов көшесінің көше жарығы ретке келтірілген. Одан бөлек, Шұбар-Қайшылы каналының 8 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілді. Ал, “Көз ата” қорығына баратын жол орташа жөндеуден өткізілді.

Кездесуде ауылдық округтің тұрғындары тарапынан ағын су, білім беру, жарықтандыру, жолдарға тас төсеу, интернет және т.б. мәселелер бойынша сауалдар қойылды. Әрбір сауал бойынша тиісті сала мамандарынан жауаптар алынып, олар хаттамаға түсірілді. Өз кезегінде аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді бақылауға алып, жұмыс жүргізу үшін жауапты орынбасарына, бөлім басшыларына, ауыл әкіміне нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ аудан әкімі шұбарлықтарды Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” акциясына белсене қатысуға, ауданның тазалығына, абаттандырылуына, көгалдандырылуына атсалысуға шақырды.

Жиыннан соң аудан басшысы Шұбар ауылының тұрғыны Саяра Джолбарисованың шаруашылығымен танысты. Ол өткен жылдың соңында “Ауыл аманаты” жобасына қатысып, 2,5 пайызбен 6 млн теңге алып, ауласындағы 10 сотық жерге жылыжай салған. Бүгінде жылыжайға егілген қияр алғашқы өнімін бере бастаған.