ТЕОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМ АЛУДА ЕСКЕРЕТІ МӘСЕЛЕЛЕР

22

Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел болып еңсесін тіктей бастағанына міне, отыз жылдан астам уақыттың жүзі болды. Осы жылдар аралығында мемлекетіміздің барлық салаларында терең, әрі түбегейлі өзгерістер орын алды. Халықаралық деңгейде әлемнің алпауыт мемлекеттерімен бәсекелес бола алатындай қабылетті ел болуға ұмтылудамыз. Әсіресе, тарих қойнауында жатқан рухани мұрамыз қайта жаңғырып, өзінің лайықты орнын тапты. Десек те, қоғамда алаңдатарлық келеңсіз мәселелер де жоқ емес. Солардың бірі – буыны қатпаған жастарымыздың жат елден білім алудың қауіп-қатері жиі көтеріліп жүр. Өйткені, осы уақытқа дейін өзге елге білім қуып барған Қазақстан азаматтырының ішінде діни ағымдардың ықпалына түсіп, теріс идеологияның қолшоқпары болып кеткендер аз емес. Әлі күнге Қазақстанды былай қойып, шет жердегі бейресми оқу орындарында білім алуды құп көретіндер баршылық.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдарға дейін қазақ жастары – Түркия, Пәкістан, Мысыр, Сауд Арабиясы, Ливан, Ливия, Сирия, Морокко т.б. шет елдерге асып, діни білімдерін жетілдіріп келгені рас. Олардың біразы елге оралып, жемісті еңбек етіп те жүр. Алайда, әр елдің өзіндік қалыптасқан салт-санасы, әдет-ғұрпы болатынын естен шығармауымыз керек. Өкінішке орай, шеттен білім алып келген дін мамандарының бойларынан кейде дәстүрлік көзқарасымызбен санаспайтын жағымсыз құбылыстарды байқап қаламыз. Соның нәтижесінде, қоғамда ойыңды сан-саққа жүгіртетін түрлі идеологиялар көрініс табуда. Дәлірек айтқанда – қай елде ілім алса, сол елдің тұрмыс салтына сай наным-сенімдерін тықпалауға тырысуда.

Осыған орай шетелде діни білім алудың қаупі неде?

Біріншіден, діни экстремистік және террористік қылмысқа барғандардың көпшілігі – шетелдік бейресми оқу орындарында радикалданып, халықаралық террористік ұйымдарға қосылу қаупі өте жоғары екенін ескеру керек.

Екіншіден, кез келген діни ұйым, ағым, саяси топ өздерінің мақсатын жүзеге асыру үшін арнайы оқытатын орталық құрады. Тіпті, «шәкірттерінің» бар жағдайын қамтамасыз етеміз деп қызықтырады. Олардың негізгі идеясы – өз жақтастарының санын көбейту. Сол үшін де шет мемлекеттерден жастарды тартады.

Үшіншіден, шетелдегі теологиялық бейресми оқу орындары мемлекеттің арнайы бақылауында болмайды. Осындай бейресми оқу орталықтан өткен кейбір жастар жат ағымдардың идеологиясына уланып келеді.

Төртіншіден, барған шәкірт сол елдің менталитетін (салт-дәстүр, әдет-ғұрып) бойына сіңіріп, отанына оралған соң ұлттық құндылықтарымызды, елдің заңдылықтарын жоққа шығарады.

Өкініштісі сол, күні бүгінде тыйым салынбаған өзге де ағымдар баршылық. Жат жерде сауат ашқансып, «тек менікі ғана дұрыс» деп кеуде соғып жүргендер қаншама?! «Пәленше деген шейхтан дәріс алмасаң» – мұсылман түгілі, адам қатарына қоспайтын, әуелгілердің жолымен жүргендер де аз емес. Топ-топ болып, мешіттерден тыс, қуыс-қуыстарда жасырынып уағыз айтатын «шейх-сымақтар» да кездеседі. Мұндай лаң қайдан шығып жатыр?! Осыны біле тұра шетелге діни білім алуға әлі де құмбылсыз ба?! Бұл проблеманың себебі неде? Бір себебі – діни білім фундаменті қалыптасып үлгермеген еліктегіштік жастардың арандап қалуы. Бірақ, біз мұны «мүлдем шетелге шықпау керек екен» деп, бұрыс қабылдап қалудан аулақ болуға тиіспіз.

Діни білімге қызығушылық танытқан талапкерлер үшін айтарымыз біріншіден, кез келген талапкер дін саласындағы білімнің алғашқы іргетасын өз елімізде қалыптастырып, одан кейінгі академиялық магистратура, докторантура деңгейіндегі білімді жетілдіру және тәжірибе алмасу мақсатында шетелдік теологиялық оқу орындарында жалғастыруға кеңес береміз.

Қазіргі таңда Қазақстанда да теологиялық білім беретін оқу ордалары мен сауатты мамандар жеткілікті. Олардың саны да, сапасы да артып келеді. Алғаш құрылған 2000 жылдан қазіргі кезге дейін Нұр Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті елдің белді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Сондай-ақ, 2021 жылдан бастап Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Теология» факультеті ашылып, онда теология, исламтану және дінтану саласында сапалы мамандар даярлануда.

Сонымен қатар, зайырлы білім берудің бөлігі ретінде еліміздегі жоғары оқу орнында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ және Ө.Жәнібеков атындағы Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті дінтанушы мамандар әзірлеуде. Бұл университеттерде жоғары білікті мамандар, профессор дәрежесін алған ғалымдар, докторлар мен магистрлер аз емес. Олар «Дінтану», «Исламтану», «Теология» мамандықтары бойынша оқытады.

Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «исламтану» мамандығы бойынша 3 жыл білім беретін 9 медресе колледж жұмыс істеп тұр: «Сарыағаш» медресе-колледжі, «Шымкент» медресе-колледжі,  «Астана» медресе-колледжі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі, «Һибаттулла Тарази» медресе-колледжі, «Үшқоңыр» медресе-колледжі, «Әбу Ханифа» медресе-колледжі, «Орал» медресе-колледжі, «Ақтөбе» медресе-колледждері бар. Қазіргі таңда дін мамандарымыз сұранысқа ие деп ауыз толтырып айта аламыз. Жоғарыда аталған отандық діни оқу орындарында жыл сайын түлектердің де саны артуда. Шетелдегі діни білім беретін ұйымдармен тәжірибе алмасып, тығыз жұмыс жасайды.

Екіншіден, шетелде діни білім аламын деген жастарға тек мемлекеттік оқу орындары және арнайы діни органдарының жолдауымен ұсынған ресми оқу орындарына түсуге кеңес береміз.

Шетелде діни білімін жалғастыру мақсатында таңдалған бірнеше теологиялық оқу орындарын ұсына аламыз. Олар, Египет Араб Республикасы Каир қаласындағы – «Әл-Азхар» университеті, Түркия Республикасы, Стамбул қаласындағы – Стамбул университеті, Мармара университеті, Хасеки институты, Анкара қаласындағы – Анкара университеті, Кония қаласындағы – Селжук университеті, Малайзиядағы – Малайзия Халықаралық ислам университеті, Ресей Федерациясындағы – Мәскеу ислам университеті, Ресей Ислам институты және Өзбекстан Республикасындағы – Ташкент ислам университеті.

Сонымен қатар, христиандық бағыттағы діни білім алушылар үшін де шетелдік теологиялық оқу орындарының тізімі қалыптастырылған. Атап айтқанда, Ресей Федерациясындағы – Мәскеу рухани академиясы, Санк-Петербург рухани академиясы, Беларусь Республикасындағы – Минск рухани академиясы және АҚШ, Канада, Сингапур секілді мемлекеттердегі діни-рухани, теологиялық оқу орындары ұсынылады. Аталған оқу орындарына қызығушылық білдірушілер толық мәліметтерді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің ресми сайтынан ала алады.

Үшіншіден, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің арнайы бекіткен 11 ережеден тұратын «ҚР шет елдерге оқуға кететін азаматтарына арналған дін мәселелері жөніндегі Жадынамасымен» танысып шыққандарыңыз дұрыс деп есептейміз.

Қорыта келе, адам баласы алғашқы діни танымды отбасынан, кейін отандық діни оқу орындарында алған маңызды. Себебі, діни ағым өкілдері қоғамның барлық салаларын дендеп үлгерді. Ал, олармен біз кәсіби маманданған теологтармен қатар өз саласындағы діни сауатты адамдар арқылы да күрес жүргізуіміз қажет.

Бүгінгі таңда еліміздегі діни білім беру сапасы күнге сайын артып келеді. Діни және дінтанулық бағыттағы барлық мамандықтар бойынша мемлекет тарапынан тиісті деңгейде грант бөлінген, шетелдік жетекші оқу орындарымен тәжірибе алмасу, бірлесе мамандар даярлау тетіктері қалыптасқан. Елімізде дін саласын реттеу жұмыстары Ата заңымызда бекітілген зайырлылық қағидаттарын басшылыққа алып, халықтың дінге қатысты қажеттіліктерін еркін өтеулеріне, діни білім алуларына барлық жағдайлар жасалған.

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы                                                                                         А.Дүйсен