ТАТУЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙДІ

37

Таяуда «Ұлы Дала елі» орталығында «Этносаралық келісім: құқықтық тәсіл және толеранттылық» тақырыбында семинар өтті.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған семинарда этнос-

аралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, дау-дамайлардың алдын алу бағытында келелі ойлар айтылды.

Жиынға Астана қаласындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Дінмұхаммед Ғали және осы институттың Этномедиация орталығының директоры Луиза Узарова, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Түркістан облыстық департаментінің басқарма бастығы Арман Қожабаев, облыстық прокуратураның аға прокуроры Күмісхан Таңатов, облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Асқаров қатысты.

Сонымен қатар, семинарда аудан, қала прокурорларының орынбасарлары, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаментінің аудандық, қалалық бөлімдерінің бастықтары, аудандық, қалалық полиция бөлімдері бастықтарының орынбасарлары, аудандық, қалалық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ аудандық, қалалық филиалдарының басшылары болды.

Семинарды облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов жүргізіп отырды. Ол облыста қоғамдық келісімді нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанына, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеттерін жоспарға сай орындап жатқанына тоқталды.

Астана қаласындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Дінмұхаммед Ғали этносаралық қақтығыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту аса маңызды міндет екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Түркістан облысында этнос өкілдерінің қатысуымен болған құқық бұзушылық фактілері орын алған жағдайда құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізу алгоритмі түзіліп, бекітілген. Қандай да бір келеңсіз оқиға орын алған жағдайда жауапты мемлекеттік және құқық қорғау органдары соның негізінде әрекет етеді.

Семинар барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева өңірде этнос-аралық татулықты нығайту бағытында жұмыстар жүйелі жалғасатынын айтып, түскен сұрақтарға тұшымды жауап берді.