ЕРСҰЛТАН МҰЗАППАРОВ «ШЫМКЕНТ БАРЫСЫ – 2024» ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

357

Бүгін қаладағы жеңілатлетикалық манежде қазақ күресінен «Шымкент барысы» қалалық іріктеу турнирі өтті. Биылғы бәсекеде салмағы 90 келіден асатын, жалпы 25 балуан белдесті. Жеңімпазға 500 мың теңге, екінші орынға 300 мың, үшінші орынға 100 мың теңге сыйақы берілді. Спортшылардың бапкерлері де қаржылай сыйақылармен марапатталды.

Турнирдің ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық қазақ күресі федерациясының президенті Балтабай Асанов ұлттық спортқа қолдау жалғаса беретінін айтып, балуандарға сәттілік тіледі.

– Қалада ұлттық спортты дамытуға қажетті жағдайлар жасалған. Ұлттық спорттың төресі қазақ күресін насихаттау, қолдау жалғаса бермек. Шаһарда қазақ күресінен әлемдік деңгейде биік тұғырлардан көрінген, әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Ұлттық күресімізді одан әрі дамытуда көптеген турнирлер өткізілуде. “Шымкент барысы” іріктеу жарысы жас балуандарға серпін беретіні анық, – деді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен, әлем және Азия чемпионатының жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберлері қатысқан сайыстың жеңімпаздары анықталды. «Шымкент барысы» қалалық іріктеу турнирінде белгілі балуан Ерсұлтан Мұзаппаров жеңіске жетті. Халықаралық турнирлердің жүлдегері Нұрсұлтан Қожагелдіұлы екінші орынға ие болды. Ал жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Мейіржан Әбдімәліков үшінші орынға иелік етті.

Е.Мұзаппаров пен Н.Қожагелдіұлы шілде айында Астана қаласында өтетін «Қазақстан барысы» республикалық жарысында Шымкенттің намысын қорғайды.

Айта кетсек, жеңімпазға 500 мың теңге, екінші орынға 300 мың, үшінші орынға 100 мың теңге сыйақы берілді. Спортшылардың бапкерлері де қаржылай сыйақылармен марапатталды.

«Шымкент келбеті»