ТҮРКІСТАНДА КӘСІБИ МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА ӨТТІ

42


Бүгін Түркістанда 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында спартакиада өтті. Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайысты Облыстық қоғамдық даму басқармасы мен Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды. Жалпы сайысқа көптеген команда қатысуға ниет білдірген. Журналистер спорттық бәсекеде өзара волейбол, шағын футбол, ләңгі тебу, үстел теннисі және арқан тартудан күш сынасып, жүлделі орындарға таласты.
Спартакиада волейбол мен ләңгі тебуден басталды. Волейболдан «Тұран БАҚ» командасы алға шықты. Ал спартакиадаға биыл қосылған ұлттық ойын – ләңгі тебуден «Turkistan» телеарнасының қызметкері Айдос Игіліков жеңіске жетті. «Жанубий Қозоғистон» газетінен Сабыржан Исаметов екінші орынға ие болса, «Баспасөз хатшылары» тобының өрені Төребек Байтасов үшінші орынды олжалады.
Футболдан «Turkistan» телеарнасының жігіттері жеңіп шықты. Ал екінші орынды «Тұран БАҚ», үшінші орынды «Баспасөз хатшылары» командасы иеленді. Журналистердің ептілігін айқындайтын тағы бір спорт түрі – үстел теннисі. Рысгүл Досжанова «Turkistan» телеарнасының намысын қорғап, 1-ші орынды иемденді. Екінші орынды «Баспасөз хатшылары» командасының өкілі Фариза Табылдиева еншіледі. Үшінші орынды «Отырар» телеарнасының өкілі Шынар Оразова олжалады.
Арқан тартудан 1-орынды – «Оңтүстік» телеарнасы жеңіп алса, 2-орын – Баспасөз хатшылары, ал 3 орын – «Turkistan» ұжымына бұйырды.
Осылайша бір күнге созылған дүбірлі дода нәтижесінде топтық есепте бірінші орынды 102 ұпаймен «Turkistan» телеарнасының ұжымы иеленді. Екінші орынға 79 ұпаймен «Баспасөз хатшылары» жайғасты. Ал қола жүлделі үшінші орын «Тұран БАҚ» командасына бұйырды.
Шара соңында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев жеңімпаз командалар мен үздік өнер көрсеткен спортшы-журналистерді марапаттады. Әр сайыстың жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар, ал үздік ойын көрсеткен ақпарат саласының қызметкерлеріне түрлі номинациялар табысталды.