АЗАТ ОРАЛБАЕВ: “СУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ КЕМШІЛІКТЕРДІ ЖОЮ ҚАЖЕТ”

19

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев “Таза су” мекемесінің мәселелері бойынша жиын өткізді. Оған аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл, “Таза су” мекемесінің директоры Асан Құрымбеков пен мекеменің мамандары, салалық бөлімдердің басшылары қатысты.

Жиында мекемеге жыл басынан берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы баяндалып, алдағы жоспарлар талқыланды.

Өз кезегінде аудан әкімі мекеменің теңгеріміндегі 41 ауыз су мұнараларының кейбірінің жалпы жағдайы сын көтермейтінін айтып, оларды ретке келтіру бойынша нақты тапсырмалар берді. Атап айтатын болсақ, оларда санитарлық-тазалық жұмыстарын (қоршауларын жөндеу, әктеу-сырлау және т.б.) жүргізу, трансформаторлар мен насостардың қуаттылығын, мұнара аумағының жарықтандырылуын тексеру міндеттелді. Сондай-ақ мекеме директорына есептіліктің дұрыс болуы мақсатында әр су мұнарасына бастапқы есептегіш құралын орнатудың тиімділігін жан-жақты қарастыру тапсырылды.

Одан бөлек, аудан басшысы жауапты мамандарға арнайы кесте жасап, мерзімдерін белгілеп, елді мекендерде абонент санын нақтылауды, су есептегіш құралдарының жағдайын тексеруді жүктеді.

Сонымен қатар, Шұбарсу елді мекеніндегі ескі су құбырымен су тұтынып отырған тұрғындарды жаңадан тартылған құбырға қосылуын қамтамасыз етуді жүктеп, салалық бөлімнің басшысына аталған елді мекендегі ауыз жүйесіне талдау жүргізуді тапсырды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі