САПАСЫЗ ТАУАРДЫ АЙЫРБАСТАУ НЕМЕСЕ ҚАЙТАРУ
Бүгінгі нарық заманында сапасыз тауарды қайтарып беру немесе ауыстырып алу мәселелері әлі де болса өзектілігін жоймаған. Күнделікті күйбең тіршілікте қарапайым тұтынушының құқығына нұқсан келтіретін жайттармен жиі кездесіп жатамыз. Сараң саудагерлер «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңды елеместен, себепсіз салдарға сүйеніп, тиісті ақшаны қайтаруға асықпайды. «Тауар қайтарылмайды немесе ауыстырылмайды» деген хабарламаларды кейбір сауда нүктелерінен көруге болады. Алайда, аңқау тұтынушы ақпараттың заңды күші жоқ екенін білмейді. Тауардың қай жерде, базарда, арзан немесе қымбат дүкенде сатылғанына қарамастан, тұтынушы құқығын қорғайтын арнайы заңның барын естен шығармаған жөн.
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» (әрі қарай — Заң) заңның 15-бабында тұтынушылардың тиісті емес сападағы тауарды айырбастау немесе қайтарып беру құқықтары аталып көрсетілген. Қысқаша атап өтсек;
Тиісті емес сападағы тауар сатылған тұтынушы, егер сатушы (дайындаушы) оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаса, өз таңдауы бойынша:
1) сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді;
2) тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды талап етуге құқылы;
Тиісті емес сападағы тауарды сатушы оның дайындаушысы болып табылмаған жағдайда, осы тармақтың 2), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген талаптар сатып алушының таңдауы бойынша сатушыға не дайындаушыға қойылуы мүмкін;
3) тауардағы кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді;
4) соған ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруды;
5) сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (моделді, артикулді) сондай тауарға ауыстыруды;
6) шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы. Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1)-6) тармақшаларында көрсетілген талапты таңдауына қарамастан, келтірілген залалды өтету құқығы тұтынушыға тиесілі болады.
Заңның осы бабы бойынша мысал келтіріп кетсек. 2024 жылдың 9 сәуір күні Кентау қаласындағы авто бөлшектер базарынан қала тұрғыны 65000 теңге 2 дана аккумулятор алған, алайда ол аккумулятор жарамсыз болып шыққан. Заңның 15-бабын қолдана отырып, департаменттің көмегімен 11 сәуір күні тауарды қайтарып беріп, қаржысын қайтарып алды.
Сапасы сәйкес келмейтін тауарларды айырбастау «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 30-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Сатушы (дайындаушы) жарамдылық мерзімі өткен соң сатылған, техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін, оның ішінде зияткерлік меншік құқықтары бұзыла отырып шығарылған тауарды оның пайдаланылғанына, тауарлық түрінің, тұтынушылық қасиеттерінің, пломбаларының, заттаңбаларының сақталуына-сақталмауына қарамастан, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруды немесе сатып алынған тауар үшін ақшалай соманы тұтынушыға қайтара отырып, қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.
Тұтынушы тауардың кемшіліктерін тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, сатушы (дайындаушы) оны дереу ауыстыруға, ал сатушыға (дайындаушыға) тауардың сапасын қосымша тексеру (сараптама жасау) қажет болған кезде – тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті.
Егерде өз құқығыңыздың бұзылғанын байқасаңыз, дүкен сөрелерінде тауар бағасы жазылмаған фактілерді анықтасаңыз немесе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі байқалса, я болмаса сапасыз қызмет алсаңыз Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне сол кәсіпкерге қатысты арыз-шағым білдірсеңіз болады. Ол үшін «жедел желі» нөмірлеріне (+7771 322 8282, +7700 606 0071, +7775 224 5616, +7707 347 3876), сондай-ақ электронды және жазбаша өтініштерді департаменттің мекенжайына (Түркістан қаласы, Жаңа қала мөлтек ауданы, 32 көше, 16 ғимарат, А корпусы, 427 кабинет), «Е-otinish» ақпараттық жүйесі арқылы жіберуге болады.