АЗАТ ОРАЛБАЕВ: «ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДА ӘКІМШІЛІК КЕДЕРГІЛЕРГЕ ЖОЛ БЕРІЛМЕУ КЕРЕК»

81

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аудан аумағында жүзеге асырылуы жоспарланған жобаларды талқылау мақсатында инвестициялық штабтың отырысы өтті.

Аталған басқосуға «Turkistan Invest» ЖШС-нің өкілдері, тиісті салалық және дербес бөлімдердің басшылары, инвестициялық жобалардың иелері қатысты.

Алдымен сөз алған аудан басшысы ауданның инвестициялық потенциалына кеңінен тоқталып, инвестициялық штабтың негізгі мақсаты туралы ақпарат берді. Сондай-ақ инвестициялық жобалардың іске асырылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, бәсекелестік ортаның қалыптасуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, аудан бюджетінің кіріс көзінің ұлғаюына, ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп салаларындағы өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемінің артуына үлкен мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

Жиында үш инвестициялық жоба ұсынылды.

Біріншісі — гипс және гипсокартон өндіретін “Tau tas products” ЖШС-і. Жобаның құны 2,8 млрд теңгені құрап отыр. Жылдық қуаттылығы — 100 мың тонна гипс. Жобаны 2025 жылдың желтоқсанына дейін “Бадам” индустриялық аймағында жүзеге асыру жоспарланған.

Екіншісі — “BALYEMEZ” ЖШС-нің мақта өсіру және мақта кластерін дамыту жобасы. Инвестор өз қаржысы есебінен ауданда 500 Га жерге мақта егуді және маусымдықпен 100 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлауда.

Үшіншісі — “YUAN DA Туркестан сталь” ЖШС-нің арматура шығару жобасы. Инвестор қолдау білдірілген жағдайда жобаға өз қаражатын сала отырып, оны 2025-2026 жылдары жүзеге асыруды және 500 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етуді жоспарлауда.

Өз кезегінде аудан әкімі жер телімдеріне және инфрақұрылымға байланысты мәселелерді мерзімінде шешу үшін тиісті сала мамандарына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдаулар көрсетілетіндігін жеткізді.