ОРДАБАСЫДА «АУЫЛ — ЕЛ БЕСІГІ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН СПОРТТЫҚ-САУЫҚТЫРУ КЕШЕНІ САЛЫНЫП ЖАТЫР

51

Бүгін Ордабасы ауданында өткен БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур аясында журналистер Темірлан елді мекеніндегі 250 орындық спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Нысанның құрылысы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Спорттық кешен жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, тілшілер Темірлан ауылындағы Самал-3 мөлтек ауданындағы коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысы және аббаттандыру жұмыстарымен танысты. Қазір онда 1 қабатты, 2 бөлмелі 26 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.

 

Тур аясында тілшілер аудан орталығында орналасқан Желтоқсаншыларға арналған ескерткішке барды. Орталық саябақта 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, Желтоқсан қаһармандарының ерлігіне арналған мемориал ашылған. Одан соң, БАҚ өкілдері Темірлан ауылындағы «Ана мен бала» аллеясына барды. Аталмыш саябақ ынтымақ пен татулықтың мекені саналған Ордабасы ауданындағы алтын құрсақ аналардың құрметіне салынған. Аудан орталығы Темірланда ана мен бала мүсіні, аяқжол, демалысқа арналған орындықтар, қоршау, жарықтандыру шамдары, балалар ойын алаңшасы мен Workout алаңы орнатылған. Сондай-ақ, онда жасыл желекпен қамту жұмыстары қарқын алған.

 

Одан соң, тілшілер аудандағы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында грант алған азаматтардың шығарған өнімдерінің көрмесіне қатысты. Көрмеде жоғары сортты шикізаттардан жартылай фабрикаттар шығаратын цех ашқан Гүлшария Манғұтованың өнімдері көрсетілді. Одан бөлек, жылқы басын көбейтіп отырған Есен Үткелбаев пен жылыжай шаруашылығын ашқан Орынбасар Шұлымбаевтың өнімдері көрмеге қойылды. БАҚ өкілдері кейін аудандық Мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарымен танысып,  робототехника көрмесін тамашалады. Көрмеге дарынды 20 оқушының жұмыстары қойылған.

 

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі