СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ ШЫМКЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖӘНЕ ЛОГИСТИКА МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

128

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Шымкент қаласының мәслихат депутаттарымен кездесті. Онда Мемлекет басшысы Жолдауда және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларды іске асыруға жолындағы міндеттер, қаланың дамуына тигізетін Сенаттың ықпалы және Палата мен мәслихаттардың бірлескен жұмысының жаңа форматы талқыланды.

Іс-шарада Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде Әділетті Қазақстан құру, мемлекеттілікті нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жолында кешенді реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы белгіленген міндеттерді орындау барлық мүдделі тараптың белсенді әрі жүйелі өзара іс-қимылын талап етеді. Сондай-ақ аталған салада жұмыстың жаңа форматы қажет.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған реформалардың нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық және саяси салада үлкен өзгерістер болды. Билік тармақтарының арасындағы теңгерімділік күшейіп, саяси бәсекелестік артты. Сондай-ақ мемлекеттік институттар кешенді түрде жаңғыртылды. Соның нәтижесінде қазіргі таңда ел экономикасының жаңа үлгісін қалыптастыру үшін дәйекті жұмыстар жүргізіліп келеді. Мұндай нақты қадамдар азаматтардың әл-ауқатын арттырып, өңірлердің дамуына тың серпін береді деп сенеміз», – деді Сенат Спикері.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Парламенттің сегізінші шақырылымының екінші сессиясын қорытындылай келе, Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысының маңызды басымдықтарына тоқталды. Сонымен бірге Палата Спикері заң шығару қызметіне мәслихат депутаттары, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері белсенді жұмылдырылғанын тілге тиек етті. Сенат Төрағасының айтуынша, жергілікті өкілді органдардың ұсыныстары мен бастамалары өңірлерді дамытуға қатысты мәселелерді шешу кезінде маңызды рөл атқаруға тиіс.

«Парламент бұл сессияда 102 заң қабылдады.

Оның ішінде қоғамдық бақылауды күшейту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, адам саудасына қарсы іс-қимыл сияқты аса маңызды мәселелерді қамтитын заңдар бар. Сенаторлар үнемі өңірлерге барып, жергілікті жерлердегі әріптестерімен бірге тұрғындармен кездесіп, өзекті проблемаларды шешу жолдарын талқылады.

Соның нәтижесінде Үкіметке және тиісті мемлекеттік органдарға 200 депутаттық сауал жолданды. Алдағы сессия кезінде де бірлескен жұмысымызды осы қарқынмен жалғастырамыз деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ кездесуде мегаполистегі өзекті түйткілдер, нақты айтқанда, инфрақұрылым және логистика мәселелерін шешу барысы талқыланды. Аталған проблемалардың оң шешімін табу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесі де сөз болды.

«Шымкентте жедел шешуді қажет ететін маңызды мәселелер бар. Бұл, ең алдымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық сауда-логистикалық орталығын салуға қатысты екенін атап өткен жөн. Батыс айналма жолын және басқа да бағыттардағы жолдарды салу да негізгі міндет. Шымкент үшін мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығының құрылысы да өзекті. Сондықтан алдағы сессияда республика бюджетін қараған кезде сенаторлар аталған басымдықтарды және мәслихат депутаттарының ұсыныстарын назарға алады», – деді Мәулен Әшімбаев.