ЖАС БУЫНҒА ЖҮКТЕЛЕТІН МІНДЕТ КӨП

76

Жұмыс сапары барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев шаһардың белсенді жастарымен кездесіп, әділетті Қазақстан жайында еркін әңгіме құрды. Реформаларды іске асыруда және Шымкенттің дамуында жас буынға жүктелетін міндеттер жөнінде айтты. Ол өз сөзінде жастарды қолдауға арналған шараларға, осы саладағы мемлекеттік бағдарламаларға және нақты бағыттар бойынша атқарылып жатқан жобаларға да тоқталды.

– Президентіміздің бастамасымен Қазақстанда жастардың білім саласындағы әлеуетін іске асыруға және қызметте өсуіне қажетті жағдай жасалып отыр. Жас буынды баспанамен қамту мәселесі де басты назарда. Өздеріңізге белгілі, биылғы наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан идеясымен тығыз байланысты және дұрыс құндылықтар жүйесін қалыптастыруға ықпал ететін «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымын жариялады. Бұл қағидаттар, ең алдымен, жастардың бойынан табылуы керек. Сондай-ақ, еліміздің жастары бәсекеге қабілетті, білімді, санасы ашық болуы керек. Сондықтан тәрбие беруде ата-анамен қатар, мектептің білім сапасымен қатар әлеуеті зор болуы үшін жұмыс істелініуі керек, – деді Мәулен Сағатханұлы.
Кездесу еркін форматта өтті. Жастар өздерін толғандырған мәселер бюойынша сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Соңғы кездері жастарды ұлттық құндылықтардың құлдырап бара жатқандығы көп ойландыратыны көңіл қуантты. Жастар мектептер мен жоғары оқу орындарында ұлттық дүниемізді насихаттайтын, жас буынға жете түсіндіріп, бойына сіңіретін пәндер енгізілсе деген ұсыныстарын жеткізсе, халық қалаулысы кездесуде айтылған мәселенің бәрі назардан тыс қалмайтынын, ұсыныс-тілектердің орындалуына жұмыс істейтінін айтты.
Қалада іссапармен жүрген сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев шахардағы бірнеше нысандарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ, сенаторлар бұған дейін палатаның тұрақты комитеттеріне Шымкенттегі «AZALA Textile» тоқыма фабрикасының жұмысшыларынан өтініштер келіп түскенін ескеріп, кәсіпорынның қызметімен танысу үшін аталған нысанға арнайы барды. Кәсіпорында болған кездесуде сенаторлар жеңіл өнеркәсіп секторындағы бизнестің негізгі мәселелерін талқылады.
– «AZALA Textile» өнімдерінің сапасы өте жоғары екенін көрдік. Отандық өнімді, өндірісті дамытуға зор үлестеріңізді қосудасыздар. Парламент тарапынан сіздердің мәселелеріңізді шешуге көмек береміз. Дайын өнімдеріңізді сатуға, алатын мекемелер табу мәселесін көтереміз. Отандық өндірушілерді қолдау негізгі міндетіміз, – дейді сенатор.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы «AZALA Textile» ЖШС-і Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі көшбасшыларының бірі болып қана қоймай, алыс, жақын шет елдерге тауарлары экспортталатын халықаралық бренд болып отыр.