Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жүйелі түрде қолдау дамыған және әлеуметтік жауапты мемлекеттерге тән

97

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында инклюзивті қоғамдық орта қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Расымен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жүйелі түрде қолдау дамыған және әлеуметтік жауапты мемлекеттерге тән. Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты үнемі жақсартып отыруға тиіс. Себебі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны өсуде. Өңірлердегі арнаулы мекемелерді ескере отырып, онда бала дүниеге келгеннен бастап мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің барлық түрі ұсынылуы керек.

Түркістан облысындағы мүгедектігі бар азаматтар үшін 36 521 техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылып, қажеттіліктің 72  пайызы орындалды. Олардың ішінде протездік-ортопедиялық құралдар – 4415, сурдотехникалық құралдар – 626, тифлотехникалық құралдар – 1261, кресло-арба – 1337, санаторийлік-курорттық емдеу – 8425, жеке көмекші қызметі – 1399, ымдеу тілі маманы қызметі – 1090, міндетті гигиеналық құралдар – 17968. Осы ретте оңалту бағдарламасын облыстық деңгейден төмен орындаған аудан, қалалардың ішінде Сарыағаш – 45,8%, Төлеби – 64,7%, Кентау – 67,4% ды құраған.

Бүгінгі таңда Порталдағы тізілімде 242 өнім беруші бар, оның ішінде 21 ымдау тілі маманы, 19 жеке көмекшінің қызметін көрсету, 146 оңалту техникалық құралдары және 56 ұйым санаторий-курорттық емдеу қызметін қамтамасыз етуге арналған.

Айта кетсек, 2025 жылға қарай мүгедектігімен жұмысқа орналасқан адамдар саны 30%-ке дейін өспек. Тұрақты күтімді қажет ететін және жеке көмекшінің қызметін пайдаланбайтын мүгедектіктің бірінші тобы бар барлық азаматтарға күнкөріс деңгейінің 1,4 мөлшерінде қосымша әлеуметтік жәрдемақы беріледі. Азаматты қатыстырмай, оның мүгедектігін сырттай белгілеу енгізіледі. Бұл куәландыру рәсімін жеңілдетіп, айқындықты қамтамасыз ету арқылы сыбайлас жемқорлықтың туындауына жол бермейді. Мүгедектігі бар балалар үшін кәмелеттік жасқа толғаннан кейін тұрғын үйге кезегі де үзілмейді. 2025 жылға қарай мүгедектігі бар адамдар 100% қажетті техникалық құралдармен және бейімдеу қызметтерімен қамтамасыз етіледі.