Шымкент — өндірістік инвестицияға басымдық береді
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің жетекшілігімен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Онлайн форматта өткен жиынға салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдері, іскерлік орта өкілдері қатысты.
Жиын барысында агроиндустриялық аймақты құру жөніндегі жұмыстың барысы, инвестициялық жобалардың таныстырылымы мен оларды іске асыру барысындағы ұйымдастырушылық мәселелер, штаб отырыстарында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы талқыланды.
Қала әкімі М.Әйтенов агроиндустриялық аймақ орналасатын аумақтың инфрақұрылымдық әлеуетін толық зерделеуді тапсырды. Берілетін электр энергиясының қуатын, су көздерінің қорын есептеу бойынша нақты жұмыстар атқарылуы керектігіне көңіл бөлді.
Штаб отырысында қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасы ұсынған инвестициялық жобалардың өзекті мәселелері қаралды. Оның ішінде жылына 50 млн дана жұмыртқа шығаруды көздеп отырған «Аймар құс» ЖШС-ның құс фабрикасын ашуға қажетті инфрақұрылым тарту мәселесі сөз болды. Жобамен мұқият танысқан қала әкімі М.Әйтенов салалық басқарма басшыларына тиісті ұсыныстар енгізу жөнінде тапсырма берді.
Құс фабрикасын салуға «Шағыр Агро» компаниясы да мүдделі екендігін білдіруде. Мұнда жылына 20 мың тонна бройлерлік құс еті өндірілмек. Жобаны іске асыру үшін аумақтың егжей-тегжейлі жоспарына өзгерістер енгізілуі қажет. Қала әкімі М.Әйтенов бұл мәселе бойынша да салалық басқармаға мәселені толық зерделеп, тиісті шешім қабылдауды жүктеді.