МАСЫЛДЫҚ – ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСҚА ЖАТ ҚЫЛЫҚ

76

Түркістан облысының тұрғындарының назарына масылдық сана қайдан шығады және сол жайында ақпараттарды ұсынамыз. Қазақ халқы тумысынан еңбекқор, турашыл,  адал еңбек, маңдай терімен күнелткен жұрт. Масылдықты, жалқаулықты, біреудің ығында жүріп күнелтуді  ар санағаны екі бастан. Алайда заман өзгеріп, дәуірлер алмасып, технологиялық прогрестер атойлаған кезеңде кей адамдардың бойында патерналистік көңіл күй мен масылдық пайда бола бастады. Бала-шағасын мемлекеттік көмектер арқылы асырауды талап етуге арланбайтын  жанұялар да кездесетіні жасырын емес. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген тәмсіл де олар үшін қажетсіз болып тұр.

Жаңаша өзгерістер қарсаңында тұрған еліміздің дамуына оның әрбір азаматы атсалысуы уақыт талабы. Ол үшін бірінші кезекте қоғамда мемлекетке ғана иек артып, соның көмегімен ғана өмір сүремін деген масылдық психологиядан арылу қажет. Мемлекет те өз тарапынан тікелей функциясы – реттеушілік пәрменін қолға алатынын мәлімдеп отыр. Ендеше, патернализмнен ада болып, мемлекеттің қамқорлығын емес, қолдауымен-ақ қатардан қалмауға болады.

Жалпы масылдық сана сан ғасырлардан бері қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп келе жатқан дерт екені белгілі. Сол масылдықтың астарлы мағынасына үңілсек, онда белгілі бір қоғамдық себептердің бар екеніне көз жеткізуге болады. Адамның ойы, мінез-құлқы әрдайым өзгеріп отырады. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі десек болады. Масылдықты психолог мамандар адамның өз-өзін түсінбеуінен, өзіне беретін бағасының төмен болуынан, рухани жетілмеуінен болады деп жатады. Ал шынтуайтына келетін болсақ, адам еңбек арқылы ғана жетіледі. Шынайы еңбек қана адамды бақытқа жеткізеді. Демек, адамның бақытты сезінуіне итермелейтін бірден-бір мотивация – адал еңбек. Данышпан Абай атамыз өзінің әйгілі қара сөздерінің бірінде «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» демей ме? Негізінен, қазіргі уақытта әрбір жұмыс істеймін деушіге барлық мүмкіндік бар. Жағдай да жасалған. Еңбекақылары да тәп-тәуір.