Масылдық қоғамдағы дертке айналып барады

70

Қоғамда масыл, еңбекке жат, білімнен ада адамдар еліне де, өзіне де пайда әкелмесі белгілі. Мұндайда патерналистік көңіл-күй мен әлеуметтік масылдық пайда болары анық.

Бұл туралы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған еңбекқор ана, Созақ ауданындағы наубайханашы Аманқыз Орынбасарқызы: «Мемлекеттен бөлінетін түрлі жеңілдіктер, қайтарымсыз гранттар мүгедектігі бар немесе көп балалы аналарға, 35 жасқа дейінгі жастарға беріледі. Әрине, бұл халық үшін өте тиімді. Дегенмен, тепсе темір үзетін жастарға берілетін қайтарымсыз гранттарды иемденген жастарды көріп келе жатырмыз. Жасыратыны жоқ, кейбіреулері үкіметтен қаражатты алған соң, аз уақыт кәсіп жасайды да, жауып тастайды. Мемлекеттің ақшасының маңызын түсінбей өз пайдаларына жаратады. Сондай-ақ,  әкімдіктің маңында иіріліп отырып, сұрай беруді әдетке айналдырып алған әйелдер де көп. Сол әйелдерді күнделікті ақысына жұмыс істеуге шақырсаң келмейді.  Шын мұқтаж болса келер еді ғой. Олар күш пен еңбекті талап ететін жұмысқа шыққанша мемлекеттің жұмыссыз ретінде бөлінетін ақшасын алып отырғанды дұрыс көреді. Бұл да масылдыққа жатады.  Мемлекет кәсіпкерлерді қолдап, сол арқылы халықты жұмыспен қамтуы керек. Сонда масылдықпен күрес басталады. Атаулы әлеуметтік көмек жұмыссыздыққа деп ақшаның ізін таппай қалатын бағдарламалар көп. Олар нақты нәтиже шығармайды. Есепсіз құмға сіңгендей түбірі көрінбейтін ақшаларды тек шын мұқтаждар ғана емес масылдар да иемденіп жүр», — деді.  Расында да, атаулы әлеуметтік көмек алуға асығатын адамдардың қатары көбейіп барады. Бастысы, мұқтаждардың орнын масылдар басып алмаса игі еді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында шын мұқтаж жандар әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатқанын мәлімдеді.  «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заң аясында және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар мемлекеттен ала берсем деген көзқарас қалыптастырды. Шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар», – деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. «Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс. Дайындалып жатқан әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек», – деуі де үлкен ойға итермелейді.