Мерей: Жақсы кісі
«Жақысының жақсылығы айт, нұры тасысын!».
Осы сөз көп айтылады, көп жазылады, көп естиміз. Бала күннен құлаққа сіңіп қалған, өйткені қазақтың осы бір ауыз сөзінің арғы жағында «жақсы кісі» тұр. Ал жақсы кісіңіз жақсы маман болып жатса, ол екі есе қуаныш. Кейде жақсы кісі атанғанмен жақсы маман немесе жақсы маманыңыз жақсы кісінің қатарынан табылмай жататыны бар. Енді екеуінің бір жерден қабысуы – кез-келген жанның басына бұйыра бермейтін бақыт дер едім.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, заң ғылымдарының докторы, професссор Еркін Әнуарұлы Оңғарбаев күнделікті жұмыс бабында, жиындарда немесе жеке қабылдауларда қаншама адамдармен кездесіп жатады. Олардың бірі оқытушы-профессорлар, факультет декандары, кафедра меңгерушілері болса, енді бірі студент, магистрант, докторант, одан қалса ата-аналар. Сонда байқағанымыз, бәрі «оқу-ісі жөніндегі проректордың алдынан шықтым, жақсы кісі екен» деп ерекше көңілмен, шаттанып шығып жатқаны.
Еркін Әнуарұлы Оңғарбаевтың өмір жолы шынымен де үлгі-өнеге. Спортты жанындай жақсы көреді. Футбол, волейболды шебер ойнайды. Ал хоккей – ең сүйікті спорттық ойыны. «Барыс» ойнап жатыр» десе ішкен асын жерге қояды. Жанкүйер болсаң, біздің Ерекеңдей бол! Сосын Қазақтың халық әндері мен күйлері оның жан серігі. Балажандығы бір бөлек әңгіме.
Әрине, өмір бар жерде өмірбаян бар, ал өмірлік баян еңбек жолынан өріледі: Қарағанды жоғары милиция мектебі бастығының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті оқу орындары басқармасының бастығы, Қазақ гуманитарлық заң университетінің проректоры, бірінші проректоры, «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ басқарушы директоры, «Астана» университетінің ректоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры, «Отандастар қоры» КеАҚ директоры, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы, тағы басқа еңбек жолдарынан осыны аңғаруға болады.
Еркін Оңғарбаев Ғылым комитетінің төрағасы кезінде елде ғылымды ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін, оның ішінде ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды реттейтін мәселелер қамтылған ҚР «Ғылым туралы» заңын әзірлеуге белсенді қатысты. Ал Дін істері комитетінің төрағасы ретінде діни насихатты бақылау және осы саладағы заңнаманы сақтау мәселелерінде мемлекеттің рөлін күшейтуді қолдады. Соның негізінде діни саланы қоғамның қажеттіліктерін сақтай отырып реттейтін заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастамашы болды.
«Отандастар қоры» КеАҚ жұмысы кезеңінде шетелдік отандастарды қолдау, олардың мәртебесін арттыру және қазақ диаспорасымен байланыс орнату сияқты мәселелер бойынша ұлттық заңнаманы жетілдіруде елеулі ұсыныстар мен ұсынымдар енгізді.
Сонымен қатар қоғамға қосқан өзге де үлестері мол: жоғары кәсіби заң білімі мен заң ғылымының дамуы, соның ішінде еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары болып саналатын Қазақ гуманитарлық заң университеті мен ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары Академиясының қалыптасуының бастауында тұр.
Еркін Әнуарұлы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»; «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» Заң тұжырымдамалары жобаларының; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» заңдылықты нығайту және заңнаманы жетілдіру бойынша бірқатар заң тұжырымдамалары мен заң жобалары авторларының бірі. Қазіргі күні Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқу ісі жөніндегі проректор. Көптеген мемлекеттік нагардалар және орден-медальдармен марапатталған. Олардың ішінде «Құрмет» ордені, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері», «ҚР білім саласының құрметті қызметкері», «Қазақстанның құрметті заңгері», тағы басқа білім және ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін берілген министрлік, ведомства, қоғамдық ұйым наградалары өз алдына бір төбе.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығы мерекелерімен бірге келген мерейлі белесінде өзім куә болған бір-екі жайға тоқтала кетейін. Өздеріңіз білесіздер, 2020 жылғы наурызда қазақстандық білім беру жүйесі бүкіл әлем қатарында қашықтықтан оқыту режиміне көшті. Бүкіл дүниені жайлаған індет бұрынғы негіздер мен дәстүрлі тәсілдерді бұзып қана қоймай, жоғары оқу орындарында қашықтықтан оқытудың технологияларын, оқу және әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін енгізуді қажет етті.
Пандемияның осындай қиын алғашқы айында білім беру жауапкершілігі ЕҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Еркін Оңғарбаевтың мойнына жүктелді. Жедел шаралардың арқасында университет оқу процесінде алдыңғы шепке шығып, пандемия кезеңіндегі оқу процесін ұйымдастыру тәжірибесі өзге отандық жоғары оқу орындарына үлгі болды. Еуразия ұлттық университеті төтенше жағдай режимін жариялаудың алғашқы күндерінде-ақ барлық профессор-оқытушылар құрамының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті. Осылайша, жиырма мыңнан астам білім алушыны бұрын-соңды болмаған онлайн оқыту Оңғарбаевтың кәсібилігін бірінші орынға шығарды. Әуелгіде университет алдына компьютерлік ақпараттық көздер, электрондық кітапханалар, бейне және аудиотекалар, кітаптар мен оқу құралдарын қамтитын оқу ақпараттық ортасын құру секілді күрделі міндеттер қойылды. Оқу сабақтарын онлайн режимінде өткізіп, студенттердің білімін тексеру және қолдау процестерін толығымен қайта құру қажеттілігі туды. Одан бөлек, техника тілін меңгеру дегеніңіз тағы бар, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер өз кезегінде экран арқылы жаңа өмір мен оқуға үйренуі керек болды. Міне, осының бәрі Еркін Әнуарұлының тікелей араласуымен жүзеге асты.
Ең маңызды шешімдердің бірі – Цифрлық даму және қашықтықтан оқыту Департаментін құру еді. Апта сайын онлайн форматта өндірістік кеңестер өткізіп, онда оқыту процесін тиімді жалғастыру жөніндегі өзекті міндеттер, коронавирустың алдын алу жөніндегі іс-шаралар талқыланды. Оқу процесінде ақпараттық білім беру технологияларын пайдалануды кеңейту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілді. Қысқа мерзім ішінде мамандар қажетті нұсқаулықтар мен бейнероликтер дайындап, оқытушылар мен студенттер, магистранттар мен докторанттарға арналған оқыту вебинарларын ұйымдастырды.
Пандемия жағдайында оқу және әдістемелік жұмыс деңгейін арттыру профессорлық-оқытушылық құрамға қатаң талаптар қойылды. Онлайн-конференцияларға қатысатын ғалымдар мен білім алушылардың ғылыми қызметтері жанданды, ғылыми-зерттеу тағылымдамалары жалғасып, ғылыми еңбектер жинақтарында материалдары жарияланды.
Қабылданған шаралар мен оқу процесін ұйымдастырудың нәтижелілігі «Қашықтықтан білім беру: жаһандық ауқымдағы жаңа сын-қатерлер» атты халықаралық конференциясын өткізгенде байқалды. Осы жиын барысында онлайн және қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалану, студенттердің білімін бағалау әдістері мәселелері кеңінен сөз болды. Қатысушылар білім беру қызметінде түрлі платформаларды пайдалану тәжірибесімен бөлісті. Бүгінгі таңда оқытушылар өз қызметтерін аудио және бейнеконференцияларсыз елестете алмайды.
Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғанымыз, карантин кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтардан өтуге Еркін Әнуарұлының жоғары білім беру жүйесіндегі ғана емес, басқа да салалардағы орасан зор кәсіби тәжірибесі көп септігін тигізді.
Сөйтіп, жақсы жоспарланған және жүргізілген дайындық жұмыстарының арқасында ЕҰУ-да қашықтықтан оқыту және емтихан сессиялары жоғары деңгейде өтті. Қабылдау комиссиясының да жұмысы нәтижелі аяқталып, биылғы жаңа оқу жылы дәстүрлі форматқа көшті.
Кәсіби шеберлік, кең ой-өріс, терең білім, іскерлік және адами қасиеттерімен қазақстандық, сондай-ақ Халықаралық ғылыми ортада лайықты бедел мен құрметке ие болу– жақсы кісінің жарқын портреті. Одан қалса, мерейлі белестегі Еркін Оңғарбаевтың көпқырлы ағартушылық және қоғамдық қызметі – жоғары, зияткерлік әлеуеттің және жұмысқа қабілеттіліктің үйлесімділігінің дәлелі.
Баубек СОМЖҮРЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, профессор