Тайғанақ тағдыр соқпағы
Жазушы Баян Тіленшина Оңтүстіктің тумасы, педагогтар отбасында дүниеге келген. Мамандығы физика-математика болса да, қаламгерліктен алыс емес. Бабасы Ғұмар Қараш аз ғана ғұмырында Алаштың бірлігін ойлап елге қызмет еткен азамат.Артында аманат етіп жазып қалдырған өлеңдері себеп болса керек. Әкесі Тіленшин Кәрім 1935 жылы қазақ — өзбек орта мектебін ашып, ауыл мұғалімдерінің біліктілігін арттыру институтын құрған жан. Оңтүстіктің шамшырағы десек те болғандай. Тектілердің тұяғы Баян прозалық туындыларға да қалам тербеді. Күрделі роман жазуға көп ізденді.Қаламгер шығармаларында қазақ отбасында әйел заты өмірдің тәрбиешісі, өмірдің анасы деп дәріптейді. Автордың «Қиямет қайым», «Сұрқия», «Ғибрат» романдарындары да оқырман көзайымына айналған дүниелер.
… Алғашқы кітабы «Қиямет қайым» романына тоқтала кетсек, бұл шығармасында өмір соққысын көп жеген әйел тағдыры, адамдардың бір — біріне деген рахымшылдығы мен қайырымсыздығы туралы өрнектелген. Шығарманың басты кейіпкері Қызтумастың қиыншылығы мол, бұралаң соқпақты өмірі туралы айтылады. Анасы Ұлтай қыз бала таба бергесін әкесі тепкінің астына алып, ниеті тура болмағасын тілдері шығар-шықпастан шетінеп кете беріпті. Жасы 60-тан асқан уағында тәубесіне келіп әулие аралап жүріп тапқан қызы.Атын Қызтумас деп қойған. Бала жасы-нан еркешора етіп, еркелетіп тәрбиелегенмен, қатал тағдыры басынан сипай қойған жоқ (Роман желісінде жеңгесінің қойған аты Аппақ-ай, ел айта келе Апақай атап кеткен атпен айтылады).
Бұл романда соғыс жылдарының қиын кезеңінде ерін ел қорғауға аттандырып үйелмелі-сүйелмелі жеті баламен қалып колхоз жұмысындағы адал еңбектері және адамдар арасындағы абыройлы істері сөз етіледі. Шығармада бір кездері өздерінен пана іздеп келген колхоз басшысы Байжанның рахымсыздығы «Ит жоқта, шошқа үредінің» кебін келтіреді. Ел есеңгіреген шақ.
Ел ішінде өлім-жітім көбейіп Қызтумас та бір қыз, бір баласынан басқасын жер қойнына беруі, оны тағдыр тартысымен қатар, жындануына әкеп соғады.Қорғансыз нәзік әйел тағдыр тауқыметімен қатар, туыстық жағынан жиеншар боп келетін Байжанның да озбырлығы, жанын аяздай қарығаны өте аянышты баяндалады. Шығарма мәңгілік тартыс, қарама-қайшылыққа толы өмірден құралған. Жаңа Шілік ауылдық кітапханасында оқырмандар арасында романның желісі таратылып айтылып, талдау жүргізілді.
Шығармадағы адам төзгісіз қиындыққа толы Қызтумастың тағдыры оқырман жүрегіне оңай тимегені анық. Сонымен қатар шығармада көмекке қолын созған періште сезімді жандар жоқ емес.Соңында жақсы жандардың арқасында Қызтумастың таңы да құланиектеніп атуы баяндалады.Қорыта айтқанда адамдар арасындағы дұрыс қарым-қатынас, тағдырдың бұралаң жолын түзей алатын құдіретті күш екені айқындалады.
… Ендеше оқырмандар сіз де қарап отырмаңыз. Бос уақытыңызды кітап оқуға арнап кітапты қолыңызға алыңыз.
Набаткүл Пошанова,
Жаңа Шілік ауылдық кітапхана меңгерушісі.