ҰЛЫ ДАЛА ШЕЖІРЕСІ – АТА ЗАҢ
Шымкент қаласындағы Түркістан сарайында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Әуелі өңір басшысы сөз алып, жүрекжарды лебізін білдірді.
– Ата Заң – тәуелсіздігіміздің берік тірегі, мемлекетіміздің экономикалық даму жолындағы бағыт-бағдарын айқындайтын басты құжатымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналатынын айрықша атап өткен болатын.
Заң үстемдігі, демократиялық саясат, халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін бағдарламалар Ата Заңымыздың рөлін арттырады. Қазіргі жаһандану заманында Конституция егемендіктің, тұрақтылықтың нағыз символына айналды. Елдегі тұрақтылықтың арқасында бүгінде дамыған елдермен иық тіресіп өмір сүріп келеміз. Мұның барлығы елдегі іске асырылып отырған реформалардың жемісі деп білеміз. Конституция қағидаларын жүзеге асыру – қоғам мен мемлекеттің өркендеуі, адам құқығының сақталуы, бірлік пен тұрақтылықтың кепілі, – деген
Ғабит Әбдімәжитұлы шаһарымыздың бірқатар жетістігін де тілге тиек етті.
Мерекелік іс-шара Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты мекеме қызметкерлерінің «Ұлы дала шежіресі – Ата заң» атты концерттік бағдарламасымен жалғасты. Жиында Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры «Дала Парламенті» қойылымын көрермен назарына ұсынды. «Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншілері, опера және балет театрының солистері, «Қаған» этно-фольклорлық ансамблі, «Қазына» және «Яссы» би ансамбльдері, «ERTURAN» тобы, Шымкент-Цирк әртістері де өнер көрсетті.
Шара соңында, қала әкімі Ғ.Сыздықбековтың ықылас гүлі табысталды.
«Шымкент келбеті»