Елімізде ішімдікке қарсы күрес қарқынды
Қазіргі таңда ішімдікке қарсы күрес елімізде жаңа қарқынмен жалғасып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі мен бірқатар қоғамдық ұйымдардың бастамасымен, ішімдік тұтынуды азайту, оның зиянды әсерлерін қоғамға түсіндіру және болдырмау мақсатында түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Бұл күрестің басты мақсаты – халықтың денсаулығын жақсарту және ішімдікке тәуелділіктің алдын алу үшін қажет. Осы ретте, Түркістан қаласында шылым шегу мен алкогольден арылу бағытында түрлі шаралар өткізілуде. Сондай-ақ, Түркістан қаласының тұрғындарының назарына аталмыш бағытта елімізде атқарылып жатқан шаралар жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Ішімдіктің зияны туралы айтқанда, ең алдымен, оның физикалық және психологиялық денсаулыққа кері әсерлерін атап өткен жөн. Ішімдіктің шамадан тыс тұтынылуы жүрек-қан тамырлары ауруларынан бастап, бауыр циррозы, жүйке жүйесінің бұзылуы секілді ауыр сырқаттарға әкеліп соқтырады. Сондай-ақ, ол адам психикасына қатты әсер етіп, отбасылық және әлеуметтік қатынастардың бұзылуына, қылмыстық әрекеттердің көбеюіне ықпал ететіні анықталған.
Бүгінде мемлекет деңгейінде ішімдікке қарсы заңнамалық шаралар қабылданып, оның сатылуына және жарнамалануына шектеулер енгізілуде. Мәселен, ішімдікті түнгі уақытта сату мен қоғамдық орындарда пайдалану қатаң түрде шектелген. Сонымен қатар, арнайы ішімдікке қарсы акциялар, семинарлар, тренингтер өткізіліп, халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Мектептер мен жоғары оқу орындарында да ішімдікке қарсы ағартушылық жұмыстары күшейтіліп, жасөспірімдер мен жастар арасында ішімдікке қарсы насихат жүргізілуде. Бұл шаралардың барлығы өсіп келе жатқан ұрпақты зиянды әдеттерден қорғауға және олардың болашақта салауатты өмір салтын ұстануына ықпал ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, Алкогольді ішімдік ішіп алып жасалған кез келген құқық бұзушылық, қылмыс тек айыппұлмен ғана емес, жұмыс орнына да хабарланып, сол жерде де түрлі жолдармен жазалау қажет. Жұмыс орны арқылы жазалау алкогольді ішімдіктерді жөн-жосықсыз ішуді бірден тыяды. 20 градустан жоғары алкогольді ішімдіктерді өндіруге, сатуға тыйым салу керек. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Көптеген дамыған елдер осылай тыйым салған. Алкогольді ішімдіктерді тұтынудың шырқау шыңына шығатын кезі әлі күнге дейін жаңа жыл мейрамы.
Сонымен қатар ауру, қылмыстардың да жоғары көрсеткіш көрсететін кезі. Осы күні айықтырғыштар мен ауруханалар артық адам қабылдауға дайындала бастайды екен. Әрине жаңа жыл шектен тыс насихатталып жатқан кезде, жат мерекені тойлауды тоқтату керек деп ұсыныс айту бекершілік. Бірақ құрығанда сол жаңа жылды ішімдіксіз қарсы алу туралы үгіт насихат кеңінен жүргізілсе біраз болса да нәтиже бола ма деген үміт. Мерекені тек алкогольмен тойлау керек деп манипуляцияға ұшыраған, уланған санамызды қайта емдеп, барлық жамандықтардың бастауы болған алкогольсіз жаңа жылымызды бастауды әдетке айналдырсақ. Алкоголь ағзада тұрған кезде тірі клеткалар тез жойылады, ткань жаңармайды. Ішкілікке салыну мынадай деңгейлерден тұрады: бірінші кезеңі, физиологиялық тұрғыдан ішім-дікке тәуелділік пайда болады. Сол тәуелділік ақыр аяғында маскүнемдікке әкеп соқтырады. Ағзада бір нәрсенің жеткіліксіздігі байқалады, көңіл-күйдің пәстігі, бас ауруы, бір ыстықты, не бір суықты сезінуі байқалады. Интеллектуалды жағынан жады сыр бере бастайды, психикасының күрт өзгеруі сияқты адам бойында ыңғайсыз жағдайлар орын ала бастайды. Ақыр соңында маскүнемді үнемі ішімдікті қайдан және қалай табу туралы ой қажайды. Үйдегі бар нәрсені сатып, тапқан 5-10 теңгесін «араққа» жұмсайды. Ақыл-есін жоғалтқан кезде өзін қараудан қалып, отбасы туыс-жақындарынан айырылып, далада қаңғып қалады. Осының бәрі отырыс, туған күн, той думан, мерекелерде арақты жиілетуден басталады.
Ішкілікке бойы үйренген адамда тоқтау болмайды (ішкен сайын құмартып, ішкен үстіне ішкісі келіп тұрады). Ұдайы ішуге салынған адам әйтеуір бір сылтау тауып ішуді көздейді, өзінде болмаса, кім көрінгеннен сұрап ішуге арланбайды, оқшау тұрып та, кез келген бөтелкелестерімен бірлесіп те іше береді, барған сайын «сау» жүруі азаяды. Мұндай адамның мінез-құлқы өзгереді, ол дөрекі, алдамшы бола бастайды, жанұя мүддесін ойламайды. Алкоголизмнің алғашқы сатысы шамамен 5-7 жылға созылады. Ішкілік дертіне шалдығудың екінші сатысы – бас жазу. Алкоголизм өршіген сайын ішімдіктің қолайсыз әсері күшейе түседі: мастығы тарқағанда қолы қалтырайды, терлейді, ұйқысы қашады, өз-өзінен үрейі ұшып, мазасы кетеді. Басын жазғаннан кейін мұндай белгілері басылып, жадырағандай болады.
Сондықтан жаңа жыл кезінде алкогольді ішімдіктер сатуға тыйым салынса, одан басқа да түрлі шектеулерді іске асыруға болады. Алкогольге тез тәуелді болатынымызбен қоса, қанында қызуы бар біз сияқты халыққа алкогольдің қызуын қосу күйдіріп өртеп жіберумен тең. Жалпы елімізде жыл сайын 20-30 миллион литрге жуық арақ-шарап өнімі шығарылады екен.. Мұнымен қоса, ащы судың бағасы да 45-50 пайызға дейін артқан. Алайда, баға шарықтағанымен тұтынушылардың саны азаймай тұр. Арақ-шарапқа салынып, ақыры уланып, өмірден кетп жатқандар саны қаншама. Қу арақтың кесірінен отбасы, туған-туысынан айырылып, көшенің қаңғыбасына, қол-аяғын үсітіп, томардай домаланып отырған, тепсе темір үзердей қаншама ер-азамат қайыршыға айналып көшеде тізіліп отырады. Шашы дудыраған, тісі қағылған, бет-аузы көгала қойдай әйелдер де өріп жүр. Ұлтымыздың басындағы ауыр індеттің көрінісін күнделікті әркім көріп жүр. Көп көрген сайын адамның көзі үйреніп, қалыпты жайт ретінде қабылданып та кетеді. Қалай болғанда да ел, ұлт қамы үшін әр адамның саулығын жақсартуға, салауатты өмір орнатуға бәріміз де атсалысуымыз керек.
Адамның ақыл-ойын, денсаулығын, қабілетін дамыту мәселелеріне тікелей қатысы бар маңызды еңбектерінде шығыстың әйгілі ойшыл ғалымы Әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақ-тарыңызды айтып берейін», – деген екен. ХХІ ғасырда қоғам тек жалаң адамдар тобынан ғана емес, сонымен бірге денсаулығы мықты , рухани дүниесі бай, жаны мен тәні кіршіксіз таза, танымдық белсенділігі мен өздігінен білім алуға деген ынтасы мен шығармашылық қабілеті ерекше тұлғалардан тұруы тиіс.Сондықтан, енді өсіп келе жатқан жасөспірім жаңа буынды алкоголь тұзағына түсірмеу – баршамыздың міндетіміз. Қоғамда ішімдіктің зияны туралы ақпараттардың қолжетімді болуы – оның алдын алу жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ішімдікке қарсы үгіт-насихат науқандарының күшеюі осы мәселенің өзектілігін көрсетеді. Бұл тек мемлекеттік органдардың емес, әрбір азаматтың үлесін қосатын ортақ міндет. Елімізде ішімдікке қарсы күрестің қарқынды жүргізілуі халықтың денсаулығын нығайтуға және болашақ ұрпақтың зиянды әдеттерден аулақ болуына жол ашады. Бастысы – әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден бас тарту мәдениетін қалыптастыруға атсалысуы қажет.