ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ ЖОБАСЫ АУДАНЫМЫЗДА

26

Бүгін «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы аясында Шәуілдір ауыл округінде бес күндік семинар-тренинг басталды. Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында өтіп жатқан семинарға ауыл тұрғындары, түрлі мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Семинар-тренингті «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасының қаржы сарапшысы Ержан Қангелдиев жүргізді.

Оқыту курсынан тәлім алған азаматтар жеке және отбасылық бюджетті құрастыра білудің артықшылықтарын үйреніп, азаматтардың тауарлық несиеге үміт артпай қажетті тауарлар мен қызметтерді алуына мүмкіндігін саралауды үйренеді, тұрғындар несие мен қарыздың тұзағына түспеу жолдарын талдауға дағдыланады.

Сонымен қатар, бұғатталған есепшоттарды ашу, арнайы бағдарлама бойынша беріліп жатқан жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз гранттарға қол жеткізу жолдарын үйренеді. Семинарда қаржы саласына қатысты түрлі сауалдар қойған қатысушыларға қаржы сарапшысы Е.Қангелдиев жан-жақты жауаптарын берді.

Өткен апталық семинардың алғашқы күнінде 100 ге жуық ауыл тұрғыны қатысты. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады. Мұндай азаматтарға пайдалы семинар-тренинг кезең-кезеңімен ауданымызға қарасты барлық округтерде өтетін болады.