САУРАН АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

40

Бүгін аудандық басқармалар үйінде Сауран ауданының ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша құрылған кеңес мәжілісінің отырысы өтті. Жиынға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудан прокуроры Алмаз Асылбеков, мәслихат депутаттары, «ҚазСуШар» РМК, «Тұран су» ШЖҚ МКК басшылары, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының су бөлімі, ауыл шаруашылығы кеңесінің мүшелері және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде 2025 жылғы егіншілік кезеңінде ауыл шаруашылығы жерлерін ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Алғашқы сөзді Сауран ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекзат Абубакиров алып, аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Ол аймақтағы су тапшылығының алдын алу, су ресурстарын тиімді пайдалану және егістік жерлерді толықтай ағын сумен қамтамасыз ету бойынша жасалып жатқан шараларға тоқталды.

Келесі баяндама «Тұран су» ШЖҚ МКК басшысы Досхан Лесовке берілді. Ол өз баяндамасында су жүйелерінің жағдайы, олардың күтімі мен жөндеу жұмыстары, сондай-ақ алдағы маусымға дайындық барысы туралы айтты. «ҚазСуШар» РМК Түркістан облысы бойынша филиалы басшысының орынбасары Жандарбек Бақашбаев та өз кезегінде сөз алып, су ресурстарын басқару, су жүйелерін жаңғырту және тиімді бөлу шараларын жүзеге асыру жөнінде баяндама жасады.

Мәжіліс барысында қатысушылар ауыл шаруашылығы саласында кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын қарастырды. Қатысушылар су тапшылығының алдын алу мақсатында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді суландыру, жаңа технологияларды енгізу және ирригациялық жүйелерді жақсарту қажеттігін атап өтті. Жиын соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қадағалау керектігін айтты.