ШЫМКЕНТТЕ «ҚЫЗЫЛ ОРАМАЛДЫ ШЫНАРЫМ» СПЕКТАКЛІНІҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

20

Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» лирикалық драмасының тұсаукесері өтті. Бұған дейін Астана мен Алматы театрларында қойылған бұл қойылым шымкенттік көрерменге алғаш рет ұсынылып отыр.

Қойылымның режиссері – Қазақстанның халық әртісі, белгілі кинодраматург Талғат Теменов. Оның кәсіби шеберлігі мен актерлердің әсерлі ойыны көрермендерге ерекше эмоция сыйлады. Спектакль барысында көрермендер Айтматов шығармашылығына тән терең философия мен нәзік лиризмді сезіне алды.

Қойылым соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз алып, Шыңғыс Айтматовтың тек қырғыз халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың ортақ жазушысы екенін атап өтті. Сонымен қатар, оның шығармаларын дәріптеу әрі сахналау алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов спектакльден алған әсерімен бөлісіп, актерлерге шығармашылық табыс тіледі. Ал режиссер Талғат Теменов театр ұжымына, қала әкімдігіне және Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшылығына алғысын білдірді.

Айта кетейік, спектакль премьерасы 31 қаңтар, 1-2 ақпан күндері де жалғасады.