АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР САРАЛАНДЫ

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте жетекшілік ететін салаларының жұмысы сараланып, тапсырмалардың орындалуы тексерілді.
Мәжіліс барысында шаруалар көтеріп жүрген өзекті мәселелердің заң аясында шешімін тапқандары зерделеніп, бақылаудан алынса, мамандармен аудандарда өткен кездесу барысында түскен жаңа ұсыныстар мен өтініштер тапсырма-жоспарға енгізіліп, қадағалауға алынды.
Облыс әкімінің орынбасары шағын және орта бизнесті дамыту үшін көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар бойынша түсіндіру-ақпараттандыру жұмысы әлі де өз деңгейінде емес екенін айтып, жауаптыларға ескерту жасады.
Күн тәртібіндегі кезекті мәселе – жаңадан құрылатын индустриалды аймақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша әзірленген жобалау-сметалық құжаттардың рәсімделу сатысы қаралып, ұсынылатын инвестициялық жобалар зерделенді. Сондай-ақ «TURKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» мекемесінің есебі тыңдалды.
Аса қауіпті зиянды жәндіктерге (Марокко шегірткесі) қарсы жүргізілетін іс-шаралардың атқарылу барысы да талқыға түсіп, аудандарға жүргізілген бақылау нәтижесімен бірқатар қосымша тапсырмалар берілді.