ЖОСПАРЛЫ ЖҰМЫСТАР МЕРЗІМІНДЕ ОРЫНДАЛУЫ КЕРЕК

61

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен апталық аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары мен дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Кезекті аппараттық мәжілістің күн тәртібінде І тоқсан қорытындысымен индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы және ауыл округі әкімдерінің рейтингтік көрсеткіштері туралы мәселелер талқыланды.

Аталған мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай баяндама жасап, жоспарлы жұмыстардың орындалу барысына тоқталды.

Жиында ауыл округтердегі жұмыс орындарын құру, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны, азаматтар өтініштерін уақытылы қарау және шағын орта кәсіпкерліктің өнім шығарылымы бойынша көрсеткіштері мен осы бағыттағы жоспарлы жұмыстарды кезең-кезеңімен іске асыру үшін қажетті шараларды тиісті деңгейде ұйымдастырудың маңыздылығын айтқан Қайрат Жолдыбайұлы жауапты бөлім басшылары мен ауыл округтерінің әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Аудан әкімі мәжілісте көтерілген әрбір мәселелер бойынша тиянақты жұмыстар жүргізу керектігін жеткізіп, индикаторға жауапты салалық бөлім басшылары мен ауыл округтерінің әкімдеріне 2025 жылдың І тоқсан қорытындысымен жоспарлы жұмыстардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.