АУДАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИРДІҢ АШЫЛУЫ ӨТТІ

14
Бүгін ауданда дзюдо, самбо күрестерінен СССР-ның спорт шебері, Қазақ күресінен ҚазССР-ның спорт шебері Мәмбетәлиев Оразәлі Дүйсенбайұлын еске алуға арналған республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Бұқаралық спортты дамытуға, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Спорт саласында айтарлықтай табыстар мен көрсеткіштерге қол жеткізген Отырар елі халықаралық, республикалық, әлемдік деңгейде танымал спортшылармен мақтана алады. Күш атасы Қажымұқан атамыз туылған аймақтан әлі де талай палуандардың шығатынына сеніміміз мол. Бүгінгі ұлт саулыған қалыптастыруға, бұқаралық және кәсіби спортпен шұғылдануға шақыру мақсатында ұйымдастырылған республикалық турнирде де кіл мықтылар бақ сынауда. Ендеше бүгінгі жарысқа қатысушыларға сәттілік тілей отырып, жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектестігімді білдіремін»,-деді.
Спорттық шара барысында Оразәлі Дүйсенбайұлының інісі Нұрлан асыл азаматтың адамгершілігі мен іскерлік қабілеті жайында естеліктерімен бөлісіп, спорт саласындағы жетістіктері жайында әңгімеледі.
Мұнан соң бас төреші Мұхит Құлбаев сайыс ережесімен таныстырып, білектілер сайысында бабы келіскен мықтылар жеңіске жететініне сенім білдірді.
2009-2010 жылдары туған жасөспірім ұлдар арасында өткен республикалық турнирге Шымкент қаласы, Жамбыл, Талдықорған, Қызылорда, Түркістан облыстарының аудан қалаларынан жалпы 400 ге жуық спортшылар бақ сынауда. Екі күнге жоспарланған республикалық турнирдің жеңімпаздары анықталып, жүлдегерлер алғыс хаттармен марапатталып, арнайы бағалы сыйлықтар табысталатын болады.