АУДАНДА БАСТАУЫШ МЕКТЕП ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Бүгін ауданда қайта жаңғыртудан өткен «Үштам» шағын жинақты бастауыш мектебінің ашылу салтанаты өтті. Кезінде халықтың асарымен салынған 50 орындық мектеп жайы демеушілердің есебінен қайта еңсесін тіктеп, жаңа кейіпке енді.
Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов салтанатты шараға арнайы қатысып, мектептің жөндеу жұмыстарына атсалысқан азаматтарға шынайы алғыстарын жеткізді.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Самырат елді мекеніндегі бастауыш мектеп жайын жөндеуден өткізу ауыл халқының көптен бері көкейінде жүрген мәселенің бірі еді. Міне бүгін біз осынау ел күткен тарихи сәтке куә болғалы тұрмыз. Осы сәтті пайдалана отырып, мектеп құрылысын жүргізуге атсалысып, демеушілік жасаған азаматтарға шынайы алғысымды айтамын. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында білім беру мен ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығына айрықша тоқталған еді. Әрине бәсекеге қабілетті дамыған мемлекеттердің қатарында болу үшін білім беруде заман талаптарына жауап беретін жаңаша жетістіктер қажет. Шағын ғана ауыл болса да осында білім алып жатқан жастарымыздың болашағынан күтеріміз көп»,-дей келе, аталған оқу ордасынан талай білімді, дарынды азаматтардың шыға беруіне тілектестігін білдірсе, аудандық мәслихат төрағасы: «Халқымыз «Ауылына — қарап азаматын таны» деген. Осы елдің азаматы ретінде артыңда игі іс қалдырып, ел игіліне қызмет еткен адамның жүзі жарық, жолы ашық болады. Жергілікті халықтың мәселесін шешуде ауызбіршілік пен ынтымақтастық танытып, басы-қасында жүріп қызмет еткен азаматтарға алғысымды айтамын»-деді.
Шара барысында ауыл қариясы Молдабек Бөбенов бар мейірімін балалардың болашағынан аямай осы ғимараттың бітуіне үлес қосқан жардарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Мұнан соң жаңа мектеп жайының лентасы қиылып, қонақтар мектепте сабақтың өту барысымен танысты.