КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында Нұржан Дайрабаевтың төрағалығымен аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов, ауыл округінің әкімдері мен су мұраптары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиынның күн тәртібіне көктемгі дала жұмыстарының барысы және 2025 жылы егістіктерді қажетті ағын сумен қамтамасыз етудің жай-күйі, игерілмай жатқан жерлерді қайтару жұмыстарының барысы жөніндегі мәселелер енгізіліп, қызу талқыланды.
Аталған жиында күн тәртібіндегі маңызды мәселелер бойынша ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздық пен аудандық жер қатынастары бөлімінің бьасшысы Біржан Әшір, «Отырар» өндірістік бөлімшесінің басшысы Мүбәрак Раевтар баяндама жасап, 2024 жылы атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттерге тоқталды.
Баяндамада атап өткендей ауданда ағымдағы жылға 54 100 га егіс алқабына егіс егу жоспарлануда. Оның ішінде күздік бидай-500 га, дәндәк жүгері-10 300 га, күнбағыс-310 га, мал азықтық-8 939 га, картоп-500 га, көкөніс-1204 га, бақша-7577 га. Бүгінгі таңда егілетін егіс алқабына жыртылуға тиісті жер көлемі 48 898 га болса, оның 35 517 га яғни 72,6 пайызы орындалып отыр.
Аудан көлемінде 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін АШТӨ-нің тарапынан 40 өтінім тапсырылып 3313 тонна жанар-жағармайды алуға өтінім қабылданған. Жеткізуші оператор болып ЖК «Нұрышев» тағайындалып, сатылу бағасы литріне 253 теңге болып бекітілген. Ағымдағы жылдың көктемгі дала жұмыстарына аудан көлеміндегі 1146 дана ауыл шаруашылығы техникалары мен тракторларының 1131 данасы (98,7 %) қатысуда.
Ағымдағы жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан 11603 га жерге су үнемдеу технологиясын қолдана отырып егіс егу жоспары бекітілген. Оның 3,0 мың гектары жергілікті шаруашылықтардан болса қалған 9,0 мың инвесторлардың есебінен орындалатын болады. Сонымен қатар үш жақты келісімге 8,7 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу және 64 дана ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау жоспары беріліп отыр.
Жиын барысында «Отырар» өндірістік бөлімшесінің басшысы Мүбәрак Раев каналдарды механикалық тазалау жұмыстарының барысын туралы баяндады.
Оның айтуынша 2024 жылы «Отырар» өндірістік бөлімшесімен 850 су пайдаланушы келісім-шарт жасасып 112116 мың м3 көлемінде су пайдаланған. Сонымен қатар мекеменің теңгерімдегі каналдардағы су шығынын азайту мақсатында 17 каналды 77,95 шақ ұзындықта механикалық тазалаудан өткен.
Ағымдағы жылы «Ислам Даму Банкі» арқылы «Каналдарды қайта құру» бағдарламасы аясында аудан көлемінде 58 каналға ЖСҚ әзірленуде. Соңғы жылдары су шаруашылығы саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі болып келе жатқан «Маяқұм», «Көксарай» каналдарының бас тоспалары жоғарыдағы аталған 58 каналдың ішіне еніп, ЖСҚ әзірленуде. Сондай-ақ 2025 жылы Қарақоңыр, Отырар, Талапты, Қарғалы, Маяқұм, Шәуілдір, Аққұм ауыл округтеріндегі каналдарды механикалық тазалау жұмыстары атқарылған.
Жиында қоғамдық кеңес мүшелері Дәурен Ақсақалов ауданымызға келіп жатқан инвесторлардың ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологияларын жергілікті шаруаларға үйретіп, ауыл азаматтарын осы жұмыстарға бейімдеуді ұйымдастыру туралы ұсынысын айтса, Әбдірахман Мәуленқұл каналдарды тазалау жұмыстарын сапалы ұйымдастыру, егістік алқаптардағы жерлердің құнарлығын тексеріп отыру, елді мекендерге ағын су жеткізу мәселелері бойынша сауалдарын қойды. Ал, Төрехан Амантай Д.Алтынбеков каналының қалған бөлігін бетондау, жайылымдық жерлерді мақсатсыз пайдаланушыларға шара қолдану секілді мәселелерді көтерсе, Бегалы Әймішов жеңілдікпен беріліп жатқан жанар-жағар майдың сапасын қадағалау, «Қызыл ту» насос стансасын іске қосу барысында туындаған қарыздарды қайтару жұмыстары туралы көкейде жүрген мәселелерді көтерді.
Көтерілген мәселелердің орынды екенін айтқан мекеме басшылары әр тармақ бойынша жан-жақты жауап беріп, кейбір мәселелерді алдағы жұмыс жоспары барысында бақылауда ұстайтындарын жеткізді.
Күн тәртібіндегі мәселелер әбден пысықталып, талқыланғандықтан кеңес мүшелері тарапынан бөлім мен мекеме басшысының баяндамасы бірауыздан қанағаттандырылсын деген шешім қабылданды.
Жиында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы көтерілген мәселенің барлығы өзекті мәселе екенін айтып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалуы бақылауда болатынын ескертті.



